Астаналық қыз 223 көліктің «иесі» екенін салықшылардан білген

Астаналық қыз 223 көліктің «иесі» екенін салықшылардан білген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада жас қыз 223 автокөліктің салығын төлемеген болып шықты. Бір адамда мұнша көліктің болуы мүмкін емес деген Мәжіліс депутаты Шәкір Хахазов Қаржы министрі Әлихан Смайловқа депутаттық сауал жолдады. Халық қалаулысы қазан айынан бері еш мүлігі жоқ мыңдаған қазақстандыққа бөтен борышкердің берешегі туралы қағаз келгенін де жасырмады.    

Парламент мәжілісінің депутаты Шәкір Хахазов Мемлекеттік кірістер органдарына өз наразылығын білдірді. Цифрландыруға көшкен мекеме 1 қазаннан бері мыңдаған қазақстандықтарға жоқ мүлігі үшін салық төлеу туралы хат келген. Мәселен, алматылық Бауыржан Сүлейменов ешқашан көлік жүргізбесе де, жол ережесін бұзғаны үшін айыппұлдың төленбегені туралы қағаз алған. Тек кейіннен ғана адамдардың тегінен қателік кеткені анықталыпты. Ал 223 көліктің салығы мойнына ілінген Әсел Саменованың жағдайы тіпті жаға ұстатарлық.

«2011 жылдан бері 3,5 миллион теңге көлемінде қарыз салығым бар екенін анықтадым. Мен басында аса мән берген жоқпын. Өйткені, менде не жақын туыстарымда көлік болмаған. Алматы ауданының әкімдігі мені осы қарызым үшін сотқа берді. Кейін Кірістер департаменіне барып, 223 көліктің салығы менің мойнымда екенін анықтадым. Көбісі ауыр жүкті таситын, ірі көліктер. Бірнеше КамАЗ-дан бөлек, қымбат автокөліктер тіркелген», – дейді Әсел СӘЛМЕНОВА.

«Мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесіне қыруар қаржы жұмсалып отыр. Ал қарапайым халықтың мәселесі шешілмейді. Цифрландыру жағдайында мұндайға жол беру ұят», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Шәкір ХАХАЗОВ.

Депутат Хахазов мемлекеттік қызметтегі салықшылардың азаматтарға көрсеткен қызметтерін де сөз етті. Барлық мәселені 20 минутта аяқтауға тиіс мамандар ұзын-сонар кезекке жол береді деді ол. Ол Қаржы министрі Әлихан Смайыловқа осы жағдайды реттеу туралы депутаттық сауал жолдады.

Мәжілісте «Меншік құқығын қорғауды күшейту және төрелік мәселелер бойынша» заңжобасы екінші оқылымда мақұлданды. Енді ұрлыққа барғандар, алаяқтар, заңсыз қаржыны иемденушілер мен сеніп тапсырылған бөтен мүлікті қолды етушілерге қарсы жаза күшеймек. Жоғарыда аталған қылмыскерлер жасаған заңбұзушылыққа екінші рет қайта барса, онда қылмыс деңгейі орташадан бірден ауыр түріне ауыстырылады. Қысқасы, түрмеге қамалу мерзімі ұзаруы әбден мүмкін.

«Қазіргі заңда бұл қылмыс орташа деңгей түріне жатады. Бұл тараптардың өзара ымыраға келіп, қылмыскерлердің жазадан құтылып кетуіне әкеледі. Жаңа құжатта ұрлық, алаяқтық, бөтеннің мүлігін иемденгендердің екінші рет жасаған қылмысына қатысты өзгерістер мен толықтырулар бар», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Гүлнар БИЖАНОВА.

Пленарлық отырыста отандық тауық фабрикаларының тағдыры да сөз болды. Депутат Тұрғын Сыздықов мемлекет қолдауы болмаған кәсіпорындар құлдыраудың алдында тұрғанын жеткізді. Субсидияға тәуелді тауар өндірушілерге деген мемлекеттік көзқарас өзгермесе, сыртқыны қойып, ішкі нарықтың өзінде бәсекеге қабілетті бола алмайды дейді. Сыздықовтың пайымынша, мұндай жағдай тауық етінің импортына жол беруі әбден мүмкін.

Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана



Новости партнеров