Қырымдағы қанды оқиға: колледж оқытушысы болған жайтты баяндады

18.10.2018 17:16

Керчь қаласының политехникалық колледжіндегі жантүршігерлік оқиғаға куә болған оқытушылардың бірі РИА Новости агенттігіне шабуыл жайында айтып берді.

Агенттікке сұхбат берушінің айтуынша, қылмыскер практикадағы студенттердің колледжге қайтып оралған кезін таңдапты, жыл басынан бері білім алушылардың саны әжептәуір көбейген.

Шабуыл үлкен үзіліс кезінде болды. Қылмыскер асхананы бомбамен жарып жіберген. Сол жерде адам көп жиналады деп әдейі ойластырған сыңайлы.

«Ол кезде балалар түскі ас ішеді: біреулер үйінен алып келсе, басқалары асханаға барып тамақтанады. Дүкенге барып, қайтып келсем, тарс еткен дыбыс шықты. Басында түк түсінбедік, петарда шығар дегенбіз. Бірақ жер-көкті түтін басып, балалардың айғайлаған үні шықты, өрт сөндіру сигнализациясы іске қосылды. Жүгіріп келсем (15-16 жастағы 25 студентім бар), бір қыздың басы айналып отыр, ештеңе көрмейді, екіншісі жарақат алыпты, қансырап жатыр», — дейді оқытушы.

Қылмыскер адамдарға оқ жаудырған кезде, колледж директорының екі орынбасары мен оқу күнтізбесін жасайтын диспетчер қаза тауыпты. Сол күні әйелдің туған күні болған екен. Тағы бір қызметкер әйел екінші қабаттан секіріп, көліктің үстіне құлап аман қалған.

Содан соң оқытушылар спортзалдағы төсеніштерді жинап, зардап шеккендерді соған жатқызып, алып шығарған.

Оқытушының айтуынша, колледждің кіреберісінде металл іздеуші бар, бүкіл жерде камера орнатылған, алайда білім беру мекемесіне дуалдан өрмелеп өтіп, кіруге болады екен.

«Мұны бәрі біледі… Оқу жылының алдында бүкіл жүйені ретке келтіріп, күзет жалдау керек  болатын», — дейді ол.

Политехникалық колледжге шабуылды төртінші курс студенті 18 жастағы Владислав Росляков жасаған, кей деректер бойынша, ол оқудан шығарылыпты. Бәлкім кек алу үшін шабуыл ұйымдастырған болуы мүмкін. Колледжге екі жарылғыш зат әкеліп, біреуін ғана қолданған. Кейін өз-өзіне қол жұмсады.

Агенттік дереккөзінің мәліметіне сүйенсек, оқ ататын қаруды Росляков заңды түрде алған: кәмелеттік жасқа толған соң, бүкіл медициналық комиссия және басқа тиісті процедуралардан өтіп, психиатрдың да қабылдауында болған.

Колледждегі шабуыл салдарынан жиырма адам қаза тапты, 40-тай адам зардап шеккен – олардың басым көпшілігі студенттер.

Бастапқыда РФ ҚК 205-бабы (террорлық акт) бойынша қылмыстық іс қозғалып, кейін РФ ҚК 105-бабына (екі немесе одан да көп тұлғаны жалпыға қауіпті әдіспен өлтіру) өзгертілді.

Севастопольде үш күндік аза тұту жарияланған. Елде Керчьтегі қайғылы оқиғаға байланысты еске алу акциялары мен дұға оқу рәсімдері өтіп жатыр.