Нұрсұлтан Назарбаев Биржаның алғашқы сауда-саттығын іске қосты

14.11.2018 21:50

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы Биржаның алғашқы сауда-саттығын іске қосты.

Мемлекет басшысы оның келешекте өңірдің басты қаржы хабына айналып, Азияның жетекші орталықтарының қатарына қосылатынына зор сенім білдірді. Президент сауда-саттықтың ресми түрде ашылуы сияқты маңызды оқиғаның ұлттық валютамыздың 25 жылдығымен тұспа-тұс келуінде зор мән-мағына жатқанын айтты. Себебі дәл осы жылдардың жүзінде Қазақстан нағыз экономикалық қаржы тәуелсіздігін орнықтырды деді Елбасы.  

«Бұрын біз телеарналардан Wall Street-тің жүгіртпе жолдарын көретінбіз. Бүгін бұл үрдіс Қазақстанға да келіп отыр міне. Мен Астана қаржы орталығындағы Биржаның алғашқы сауда-саттығын ашық деп жариялаймын. Болашақта мол табыстар тілеймін!», – деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Анықталғандай, болашақта сауда-саттыққа «Қазақтелеком», «Эйр Астана», «Қазақмұнайгаз» сияқты ұлттық компаниялар шығарылатын болады. Мұндай мәліметті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алға тартты. «Астана» қаржы орталығының қызметін Орталық Азияның барлық елдері пайдалана алады. Қазірдің өзінде Астанаға «қаржы елордасы» деген жаңа мәртебе беріліп отыр.  

«Тек соңғы жылдың өзінде шаһар жаһандық қаржы орталықтары рейтінгісінде 27 сатыға жоғарлаған. Астана әрі қарай да қазақстандықтар мен қала қонақтарына барынша жайлы жағдай жасайтын «ақылды қала» ретінде дами беретін болады», – деді Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.