Алматы қаласы Бостандық ауданы полиция басқармасында кәмелетке толмаған балаларға арналған тергеу кабинеті ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл кабинетте зорлық көрген және қылмыс куәгері болған балалардан сұрақ-жауап алынады.
«Арнайы кабинет тергеуші мен балалар психологына арналған жұмыс орындарымен жабдықталған. Осының бәрі болашақта балалардың толыққанды ақпарат беруіне мүмкіндік береді», – деді қалалық Полиция департаменті басшысының орынбасары Санжар Әділов.
Пилоттық жоба «Дети под защитой» қоғамдық қоры мен азаматтық қоғамдастықтың қолдауымен жүзеге асты.
Қоғам қайраткері Сандуғаш Дүйсенованың айтуынша, жобаның басты мақсаты - жәбірленген балалардың психикасын зақымдамай, оларға қолайлы жағдай жасай отырып жауап алу.
«Зорлық көрген балаға қылмыскермен қайта кездесу өте қиынға соғады. Бұл жасөспірімнің жан дүниесіне жағымсыз әсер қалдыратыны сөзсіз. Сондықтан, баланың психикасын зақымдамас үшін тергеу жүргізілетін орын өте маңызды», – деді С.Дүйсенова.
Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері қалада кәмелет жасына толмаған балаларға жасалған зорлық көрсеткіші 28,5 пайызға төмендеген. Сонымен қатар, соңғы үш жылда балаларға қарсы жасалған қылмыстар 18 пайызға азайған.