Алматы қаласында ұрланған ұялы телефондар сыртқа шығарылады, яғни Қырғызстан мен Тәжікстанға кетеді. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Алматы қаласында ұялы телефон ұрлау фактілері өте көп екенін атап өтті. Ал қала әкімінің айтуынша ұрланған телефондар шетелге кетеді.
«Ұялы телефондар бойынша полиция жұмыс істеп жатыр. Министріміз бір сұхбатында сатушылар өздері тапсырыс береді деп айтып кетті. Ұйымдастырылған қылмыстарға полиция талдау, зерттеу жұмыстарын жасап, профилактикалық жұмысты күшейту керек. Сол бойынша нақты жоспарды қойдық. Оның бәрін талқыладық», - деп жауап берді қала басшысы.
Оның айтуынша, ұрланған телефондар ел ішінде сатылмайды.
«Мұнда сатпайды, Қырғызстан мен Тәжікстанға тікелей алып кете береді. Шекарада жұмыстарды күшейтіп, осыған жол бермеу керек. Әйтпесе компаниялар тіркелмесе, ертең телефондарды қала тұрғындары қолдана алмайды. Бірақ ол шетелге кетіп жатыр. Полициямен жұмысты күшейтіп, шекара арқылы жолдарын жабу керек. Сонда ғана ұялы телефондар ұрлығы азаяды деп ойлаймын», – деді Байбек.
Қала әкімі Алматыдағы қылмыстың көбею тенденциясы бұрыннан бар деп атап өтті.
«Еліміздегі 20% қылмыс Алматы қаласына тиесілі. Біздің қаламызда Қазақстан бойынша халықтың 16%-ын құрайды. Оның үстіне, ішкі миграция өте жоғары. Жалпы 20% болғанда, он жылдан астам солай болған. Учаскелік полицейлермен жұмыс істеудеміз. Сондай-ақ, автобөлшек сатып жатқан «Карсити» базарын жаптық», – деп сөзін түйіндеді ол.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін премьер-министр Бақытжан Сағынтаев «ұялы телефонды шынжырмен байлап, қалтаға саламыз ба енді?», деп ұрлықтың кеңінен тараған осы түрін сынаған болатын.