Әл-Фараби даңғылымен қарсы бағытта жүрген Назар Роллан қамауға алынды

10.10.2018 17:20

Алматылық 20 жастағы Назар Роллан жеті тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Tengrinews.kz қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбекке сілтеме жасап.

ІІД мәліметінше, ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы бойынша («Ұсақ бұзақылық») әкімшілік жауапкершілікке тартылды.  

«Бостандық аудандық ІІБ Жергілікті полиция қызметіндегілер 1998 жылғы Назар Ролланға қатысты әкімшілік шара қолданды. Ол өзінің қоғамға қарсы әрекеттерімен бірнеше рет адамдардың өмірін қауіпке тікті. Осындай жағдайлардың бірі әл-Фараби даңғылы мен Мұстафин көшесінің қиылысында болды. Назар Роллан осы әрекетінен соң кодекстің бес бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылса да, ешқандай нәтиже жоқ. Бүгін ұсақ бұзақылық бойынша қозғалған әкімшілік іс Алматы қалалық Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа жолданды. Соттың шешіміне сәйкес, Роллан 7 тәулікке қамауға алынатын болды», - деп хабарлады Салтанат Әзірбек.

Еске сала кетейік, мұның алдында Алматы полициясының әл-Фараби даңғылымен қарсы бағытта жүрген жүргізушіні іздеп тапқаны хабарланған болатын.

«1998 жылғы жүргізушіге қатысты 5 хаттама толтырылды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы 1-бөлігі бойынша 1 қазанда Land Cruiser Prado автокөлігін - 28 қыркүйекте Lexus автомобилін мемлекеттік нөмірсіз жүргізу; үшінші хаттама - 596-бабы 3 бөлігі 28 қыркүйекте жолдың қарсы бетіне шығып кету; төртінші хаттама - маневр жасау және жолаушыларды тасымалдау - ол шанамен сырғанаған, бесінші хаттама - маневр жасау ережелерін бұзу. Іс материалдары сотқа жіберіледі, ол көлік жүргізу құқығынан айырылады. Барлық тағылған айыппен жүргізуші келісті», - деген еді Салтанат Әзірбек.

Алматыда әл-Фараби даңғылымен қарсы бағытта жүрген жігіт туралы не белгілі.