Алматыда 20 мектепте робототехника сыныптары ашылды

Алматыда 20  мектепте робототехника сыныптары ашылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматының 20 мектебінде робототехника сыныптары ашылды. Жыл аяғына дейін білім ошақтарының 30 пайызында тың технологиялармен жабдықталған кабинеттер пайда болмақ. Ал келесі жылы 100 білім ошағында оқушылар құлтемір құрастырудың қыр-сырын меңгере алады.    

Есту қабілеті нашар балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернатында робототехника сыныбы өткен жылы өз жұмысын бастаған. Алайда, балалардың жаңа саланы толық меңгеруіне құрал-жабдықтар жеткіліксіз болған көрінеді. Десе де, білім ошағында құлтемір құрастыруды үйренемін деушілер үшін үйірмелер жұмыс істепті. Оған 7 жастан 15 жас аралығындағы балалар қатысып жүр.

«Робототехника балалардың ой-өрісін, зейінін дамытып, жан-жақты болып өсуіне ықпал етеді. Робототехниканы меңгеру үшін бізге мамандандырылған басқа мектептерден оқушылар келіп оқып жатыр. Оқушылар бір-бірімен танысы, достасып та жатады. Балалар бір-бірінен көп нәрсе үйреніп,білгендерін бөлісіп, алдарына биік мақсаттар қойып үйренеді», – дейді Алматы қаласы №1 есту қабілеті нашар балаларға арналған арнайы мектеп-интернатының мұғалімі Лаура МОНТАНАЕВА.

Ұстаздар қауымының ойынша, инновацияларды енгізу және әрбір оқушымен жеке жұмыс жасау әдісі білім сапасын арттырып, жастар арасында жаңашыл көзқарасты дамытуға септігін тигізеді. Биыл қалада 20 мектепте робототехника сыныптары ашылған. Соның ішінде, аталмыш мектеп-интернат осы тізімге енген алғашқы білім ошағы.

«Балалар робототехниканы меңгеруді жақында бастаса да, екі үлкен жарысқа қатысты. Қарағандыда өткен халықаралық сайыста бағын сынады. Одан кейін Алматыда өткен жарысқа қатысты. Жеткіншектердің тың технологияны меңгеруге құлшынысы жоғары», – деді Алматы қаласы №1 есту қабілеті нашар балаларға арналған арнайы мектеп-интернат директоры Александра ДНИШЕВА.

Бір робототехника сыныбын құру үшін мемлекет бюджетінен 6 миллион теңге бөлінеді. Жыл соңына дейін қаладағы мектептердің 30 пайызында тың технологиямен жабдықталған кабинеттер ашылып, оған қажетті құрал-жабдықтар алынбақ. Ал келесі жылы алып шаһардағы білім ошақтарының жартысында IT-сыныптары пайда болады.

«2014 жылы тұңғыш рет жарыс ұйымдастырғанда 15 команда қатысты. Ал осы жылы «Халық Аренада» өткен сайыста 315 команда 2000 мыңнан астам сайыскер бағын сынады. Байқауда балалар ақылды үй және жылыжай сынды ерекше жобалар ұсынды», – дейді Алматы қаласы Білім берудегі жаңа технологиялар ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Андрей ДУПИК.

Алматыда тұңғыш рет робототехника бойынша жарыстарға қатысу үшін арнайы командалар дайындалып жатыр. Жасөспірімдерді шетелден келген IT саласының маманы оқытады. Кейіннен жеткіншектер іріктеліп, үздіктері АҚШ-та өтетін халықаралық сайыста ел намасын қорғайтын болады.


Перизат Көмекбайқызы, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров