Мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтері БАҚ-пен жұмыс жүргізу әдістерін үйренді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мемлекеттік органдар оң өзгерістерге тез бейімделіп, халыққа жақындай түсуде. 27-28 қыркүйекте елордада Astana Media Week шеңберінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтері, өңірлерден келген журналистер, компаниялар мен оқу орындарының өкілдеріне менеджмент, әлеуметтік желілерде тиімді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі және аймақтық БАҚ альянсының ұйымдастыруымен бірқатар тиімді білім беру семинарлары өткізілді.
Танымал журналистер, медиа сарапшылар, тиімді әдістер авторлары өңірлерден келушілермен түрлі тақырыптағы жетістіктерімен бөлісті.
«Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, ғалым-тарихшы, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, Kapital.kz порталының сарапшысы, ҚР Жоғарғы соты жанындағы ақпараттық қамту бөлімінің меңгерушісі Болат Кальянбеков, «Время» газетінің тілшісі, Энергетика министрінің кеңесшісі Асқар Джалдинов, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КАҚ басқарма төрағасы Нұрлан Өтешов, Халықаралық құзырет академиясы бас директоры Ләйлә Асылбекова, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев, белгілі қазақтілді блогер, медиа-коуч Өркен Кенжебек оқырман аудиториясын тарту құпияларымен, БАҚ-пен жұмысты реформалау тәжірибесімен бөлісті, медиадағы соңғы үрдістер туралы баяндап, заман талабына сай трансформациялану қажеттілігін айтты. Қатысушылар алған ақпараттарының жаңашылдығы мен пайдалы болғандығын айтып, өздері үшін тиімді жұмыс құралы ретінде көп нәрсе түйгендерін жеткізді.
Танымал қазақстандық журналист, Internews Kazakhstan атқарушы директоры Ержан Сүлейменов және SMM бойынша халықаралық жаттықтырушы Рахиля Рузахунова екі ауқымды семинар өткізді. Олар оқытудың қызықты, соның ішінде, белгілі әлемдік тұлғалар қызметінің талдауы негізінде құрылған бағдарламаларын дайындады. Сонымен қатар, олар мемлекеттік органдар аккаунттары үнемі ақпаратқа толы болып, өз ведомствосының жұмысын көрсете алуы, оған қоса, сол ақпараттардың қоғамға қызықты әрі оқылатындай болуы үшін қалай жұмыс жүргізу керек екенін айтты. Аймақтық баспасөз қызметтерінің қызметкерлері осы ақпараттың олар үшін аса құнды болғанын жеткізді.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар әлеуметтік желілерде тиімді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және коммуникациялық медиа-менеджмент бойынша оқудан өткені туралы сертификатқа ие болды.