Шымкентте кепілге алынғандар туралы жалған хабарлама таратқан азамат ұсталды

10.01.2019 17:23

Шымкент қаласының тұрғыны белгісіз біреулер адамдарды кепілге алды деп жалған хабар таратып елді дүрліктірген. «Нұрсәт» шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде тұрғындарды еркінен тыс кепілге ұстап отырғандығы туралы хабарлама 2019 жылдың 2-ші қаңтарында кешкі сағат 19:35-те Қаратау аудандық ПБ -ның кезекшілік бөліміне түскен, деп жазды otyrar.kz.

Шұғыл жеткен полиция қызметкерлері ақпараттың жалған екендігін анықтаған. Шағынаудан жұртының мазасын алып, әбігерге салған, жалған хабарлама жіберіп тәртіп сақшыларын тік тұрғызған күдікті де құрықталған. Полиция қызметкерлерінің жүргізген жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде қолға түскен азамат Шымкент қаласының тұрғыны екендігі анықталған.

«Аталған жайт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 273-бабы (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл бап бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Осыған орай Шымкент қаласы Полиция департаменті барлық қала тұрғындарын осыған ұқсас қылмысты жасауда жауапкершілікке тартылатынын ескертеді және бұндай әрекеттерді жасамауды сұрайды», - делінген хабарламада.