Қазақстан экспортты 30 пайызға арттырды

16.10.2018 17:28

Қазақстанда экспорт көлемі 30 пайызға артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Үкімет отырысында 2018 жылғы қаңтар-қыркүйектегі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер туралы баяндаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов экспорт-импортқа қатысты көрсеткіштерді атады.

«Әлемдік тауар нарықтарындағы қолайлы конъюнктураға байланысты сыртқы сауда айналымы тұрақты өсу трендін сақтап отыр. Жыл басынан бергі 8 айдың ішінде өсім 21,6 пайызды (59,8 млрд АҚШ долларын) құрады», - деді Ұлттық экономика министрі.

Тимур Сүлейменовтың айтуынша, Қазақстанның экспорты 28,2 пайызға (39,1млрд АҚШ долларына) өскен. Бұл мұнай экспортының 5,4 пайызға, агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің - 30,1 пайызға, мұнай-газдың - 30,2 пайызға, алюминийдің - 24 пайызға және мыс кендері экспортының 12,5 пайызға артуынан болып отыр.

«Импорт 10,8 пайызға  (20,8 млрд  АҚШ долларына) өсті. Өсім негізінен, импортталатын инвестициялық тауарлар (машина және жабдықтар) есебінен болып отыр. Олардың өсімі 20,4 пайызды құрады. Сондай-ақ, қара металл мен фармацевтика өнімдерінің импорты тиісінше 15,8 және 13,6 пайызға артты», - деді ведомство басшысы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда экспортталатын тауарлар бағасы 2018 жылдың тамызында оның алдындағы аймен салыстырғанда 3,5 пайызға, 2017 жылдың желтоқсанына қарағанда 13,3 пайызға артты.