Алматыда 14 тұрғын үй кешені үлескерлерге заңсыз сатылмақ болған

Алматыда 14 тұрғын үй кешені үлескерлерге заңсыз сатылмақ болған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда салынып жатқан 14 тұрғын үй кешенінің құрылыс компаниялары үлескерлерге заңсыз пәтер сатуға әрекеттенген. Тіпті, компаниялар ғаламтор мен билбордтарға жарнама беріп үлгеріпті. Ол үшін 3 агенттікке «Жарнама туралы» заңды бұзғандықтан 650 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 1,5 миллион теңге айыппұл салынды.

Белгілі болғандай, жаңадан тұрғын үй кешенін салып жатқан компаниялар үлескерлерді рұқсат құжатынсыз тартып жатқан көрінеді.

Айта кетейік, биыл қалада жалпы көлемі 13 мың шаршы метрді құрайтын 57 коммерциялық тұрғын үй кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Алайда, үлескер қаржысын тартуға тек 19 кешеннің ғана рұқсат қағазы бар. Қала әкімінің орынбасары Сұлтанбек Мәкежанов бұл мәселені қатаң бақылауына алмақ.  

«Жақында, яғни алдағы 3 күн ішінде прокуратура, қоғамдық бірлестіктер өкілдерімен бірге рейдтер жасаймыз. Қоғамдық кеңес мүшелері, аудан әкімдері, қалалық мәслихат депутаттары сол компаниялардың жүргізіп жатқан құрылыстарын қарайды. Осы мәселеге мұқият болуларыңызды сұраймын», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сұлтанбек МӘКЕЖАНОВ.

Жалпы, үлескерлер тартуда заңбұзушылық орын алмас үшін тиісті басқарма ай сайын тексерулер жүргізеді. Ал Сәулет және қала құрылысы басқармасы алдағы уақытта қара тізімге іліккен компаниялар туралы көпке жария етуді жоспарлап отыр. Алматы әкімдігінде өткен жиында мамандар халыққа үлескер болардың алдында компанияның рұқсат құжаттарын тексеріп алуға кеңес береді.  

«Алданып қалмас үшін құрылыс жүргізіп жатқан компанияның үлескерлерді тартуға құжаты барын тексеріп алу керек. Егер олар тиісті құжатты көрсете алмаса немесе түрлі сылтаулар айтып жалтарса, онда пәтерге қаржы құюдан бас тарту керек. Осылайша, сіз өзіңізді қорғай аласыз», – деді Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Нұржан КЕНЖЕБЕКОВ.


Новости партнеров