Қайырымдылық кешінен түскен 2 миллион теңгеге жуық қаражат «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық бірлестігіне табысталды. Бұл туралы Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады, деп жазады Бақ.кз.
Тұңғыш рет Атырау қаласында Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, «Жастар таңдауы – Атырау» ҚБ ұйымдастыруымен қайырымдылық балы жоғарғы деңгейде өтті.
«Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған осынау шараның негізгі мақсаты – Атырау жастарының мәдениетке деген, өнерге деген құлшынысын арттыру болса, екінші мақсаты - жақсылық жасау арқылы жақсылық жасаған адам мен мұқтаж адамдардың жүректеріне жақсылық жылуын ұялату. Барлығыңызды бірауыздан қолдап келгендеріңіз үшін алғыс білдіреміз», – деді облыстық жастар мәселелері басқармасының басшысы Роллан Құспан.
1st Grand Ball Atyrau қайырымдылық балына қатысқан 18-29 аралығындағы 150 жас дебютант бір ай көлемінде полонезь, кадриль, полька, казақ вальсі билерін үйреніп, балда өз өнерлерін көрсетті.
Сондай–ақ, балл дебютанттары және эстрада жұлдыздары бірқатар қайырымдылық шараны жүзеге асырды. Атап айтсақ, «Шаңырақ» балалар үйі және қарттар үйінде концерттік бағдарламаларын ұсынып, «Жүректен жүрекке» қайырымдылық акциясы аясында 100 отбасыға көмек көрсетті.
Ұйымдастырушылар қайырымдылық гранд балынан жиналған 2 миллионға жуық қаражатты толықтай Ерлан Күмісқалиевтің «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық бірлестігіне табыстады.
«Біздің мақсатымыз – шағын мемлекетіміздегі балаларымызды үлкен мемлекетке жеткізу. Балдан түскен қаражатты әлемдегі үшінші ерекше балаларға арналған қалашық ашуға жұмсамақпын. Мұндай қалашық Ұлыбритания және Ресей мемлекеттерінде бар. Үшіншісін, Қазақстанымызда, Атырау қаласында келер жылы көктемде ашу жоспарлануда. Шараны ұйымдастырған Алпамыс Шаримов бастаған ұжымға, сондай-ақ осы шараға ат салысып, өнерлерін көрсетіп, қайырымдылық жасаған барша жанға алғысым шексіз», – дейді қоғамдық қор жетекшісі Ерлан Күмісқалиев.
Айта кетейік, дебютантар арасында кештің ханзадасы мен ханшайымы анықталып, олар Астанада өтетін республикалық VIII гранд балға жолдама алды.