Атырауда студент пен мектеп оқушысын зорлаған ер адам ұсталды

01.10.2018 17:36

Атырауда сексуалдық сипатта зорлық-зомбылық әрекеттерін жасады деген 24 жастағы күдікті ұсталды, деп хабарлайды «Ақ Жайық».

Оның құрбанына айналған нәзік жандылар, соның ішінде, жас қыздар әлеуметтік желілерде онымен интимдік хаттар жазысып тұрған.

Анықталғандай, М. әлеуметтік желілер арқылы әйелдермен танысып,  кейбірінен олардың ашық суреттерін алып отырған. Кейін өзімен жыныстық қатынасқа түспесе, интернетте жазысқан хаттары мен суретерін жариялайтынын айтып, бопсалай бастаған. Оңбағанның ойлағаны орындалады: бір жыл бойы бірнеше құрбанын пайдаланған, олардың арасында 18 жасар студент пен 15 жасар оқушы қыз да болған. Осы қыздар ата-аналарына бәрін айтуды ұйғарған, ал олар полицияға шағымданыпты.

ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының (Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) және осы баптың 3-тармағының 3-тармақшасы (көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Тергелуші тергеу абақтысына қамалды.