Қызылордада жасөспірім қызға жыныстық сипаттағы әрекет жасаған күдікті ұсталды

04.10.2018 17:38

Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінде жасөспірім қызға қатысты сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер жасады деген күдікпен Қызылорда қаласының тұрғыны қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Күдіктінің үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Ол уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Қалған мәліметтер тергеу құпиялығына байланысты жария етілмейді», - деді облыстық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Анарбаев.

Естеріңізге сала кетелік, Қызылорда облысында биылғы жылы осындай келеңсіз жағдайлар орын алған еді. Жаңақорған ауданы Шалқия кентінде 18 шілдеде сол елді мекенде тұратын жігіт 12 жастағы қыз баланы зорлап, артынан оны өлтірген болатын. Ал арада бір аптадай уақыт өткенде мұндай оқиға Қызылорда қаласына қарасты саяжайлардың бірінде қайталанып, онда 3 сынып оқушысын зорлап, оны қорғауға ұмтылған анасын өлтірген қылмыскер қолға түсті.