Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев ТКШ тарифтеріне қатысты осы аптаның соңына дейін «жедел байланыс» желісін ашуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласының республикалық мониторингілеу жүйесін құрсын. Мониторингілеу жүйесі жергілікті жерлерде қоғамдық өкілдердің қатысумен жұмыс істеп, халықтың сұранысымен, тариф пен қызмет көрсету сапасымен байланысты барлық мәселелерді қамтуы керек», - деді Б. Сағынтаев Үкімет отырысында.
Сонымен қатар Премьер-Министр Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовке тұрғын үй коммуналдық шаруашылық тарифтеріне қатысты осы аптаның соңына дейін «жедел байланыс» желісін ашуды тапсырды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Ақордада Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев коммуналдық қызметтерге тарифтерді заңсыз өсірген табиғи монополиялар субъектілерін жазалауды талап етті.
Сонымен қатар, Президент Қазақстанда электр энергиясы құнын төмендетуді тапсырды.