|
01.11.2018 | 12:41
1934

2011 жылдан бері 259 адам селфи жасау кезінде көз жұмған

2011 жылдан бері 259 адам селфи жасау кезінде көз жұмған

«Отбасы медицинасы және алғашқы медициналық-санитарлық көмек журналында» жарияланған зерттеуде бүкіл әлем бойынша 259 адамның селфи жасау кезінде қаза болғаны айтылған, деп жазады Baq.kz.

Үндістандағы медициналық ғылыми институтының зерттеушілері мен Нью-Делидегі медицина колледждерінің тобы 2011 жылдың қазан айы мен 2017 жылдың қараша айы аралығында әлем бойынша селфиден көз жұмғандар туралы деректерді зерттеп көрген деген дерек келтіреді CNN басылымы.

Ғалымдардың айтуынша, селфи жасау кезінде ең көп өлім Үндістанда тіркелген. 2011 жылдан бері қаза тапқан адамдардың жартысынан көбі, яғни, 159-ы Үндістан азаматы болған. Одан кейінгі орында Ресей, АҚШ және Пәкістан тұр. Айта кету керек, қаза тапқандардың 85 пайызының жасы 30-дан кіші және 72 пайызы – ер адамдар.

«Әйелдердің саны ерлерден көп екеніне және олардың селфиге құмар болатынына қарамастан, ерлер арасындағы өлімнің көп болуын олардың қауіп-қатерден қорықпай, тәуекелге оңай баратынымен түсіндіруге болады», делінген зерттеуде.


Суға кету немесе биіктен құлау

Зерттеуде айтылғандай, селфи жасау кезінде көбі суға кетіп қаза тапқан. Ал ең көп кездесетін екінші себеп – көлік. Мысалы, қозғалыстағы пойыз алдында тұрып селфи жасағысы келу салдарынан көз жұмғандар көп. Үшінші орында биіктен құлау және өрт тұр. Ал АҚШ-та суық қарумен селфи жасамақ болып қаза тапқандар саны көп екені байқалған.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл көрсеткіш нақты болмауы мүмкін. «Мысалы, көлік жүргізіп келе жатқанда селфи жасамақ болып жол апатына түскендер бұл қатарға жатқызылмайды. Бұл деректер тек жол апаты ретінде тіркеледі. Сонымен қатар кейбір мемлекеттерде жергілікті жаңалықтар қызметі селфиден қаза тапқандар туралы ақпарат таратпайды», дейді ғалымдар.

Дегенмен, бір анығы – селфи жасау кезінде көз жұматындардың қатары артып келе жатыр. Мысалы, 2011 жылы тек үш өлім тіркелсе, 2016 жылы 98 адам селфи жасамақ болып қаза тапқан.

«Әлеуметтік желілерге әдемі суреттерін салып, көпшіліктің ықыласына бөленгісі келген жастар мен туристер тәуекелге жиі барады. Әрине, олардың көпшіліктің көңілін жаулап алу ниеті қауіпті емес. Бірақ еш әрекеттен тайынбайтыны қауіпті», делінген зерттеуде.


«Қоршаусыз» аймақ

Зерттеу авторлары туристік аймақтарда, әсіресе, таулы жерлерде, сарқырамалар маңында қоршаусыз жерлердің болмау керегін айтты. Ал полиция мұндай өңірлерде адамдарға ескерту жазылғанын және қала маңындағы қауіпті орындардың бәрінде белгі бар екенін жеткізді. Олардың айтуынша, жастар камерамен көп келетін жерлер – теңіз жағасы.

Айта кету керек, 2015 жылы селфиден қаза тапқандар туралы оқиғалардан кейін Ресейде брошюралар шығарылып, көпшілікке таратыла бастаған болатын. Онда жол ережесі белгілерін еске салатын инфографика берілген. Бұл әрекетке өзін атып алған жасөспірім мен теміржолда қозғалыстағы пойыз жанында суретке түсемін деп қаза тапқан адамның өлімі әсер еткен еді.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир