500-дей бала бар: ҰҚК Сирияда қанша қазақстандықтың жүргенін айтты

500-дей бала бар: ҰҚК Сирияда қанша қазақстандықтың жүргенін айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сириядан елге оралған қазақстандықтар қалай құтқарылды? «Жусан» операциясы қалай іске асты? Бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитеті осыны айтып берді.

Еске салайық, кеше Президент Сириядан оралған қазақстандықтарға қатысты арнайы мәлімдеме жасаған болатын. Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің міндетіміз – ел бірлігін сақтап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» деді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті қаңтөгіс аймақтарында әлі де жүздеген қандасымыздың қалғанын хабарлады, тіпті радикалды исламистерге бағынышты аумақтардан қашуға әрекеттенген бірнеше отандасымызды террористердің өлтіргенін де мәлімдеді.

Еске сала кетейік, Сириядағы Қазақстан азаматтарын құтқару операциясы 5 қаңтарда басталған. Әскерилер мен құтқарушылар қамданып, Ақтау әуежайынан Қорғаныс министрлігіне тиесілі ұшақпен ұшқан. Оның бортында алғашқы көмек көрсетуге қажет заттар, азық-түлік болған. Эвакуациялау аймағына қазақстандық күш 5 қаңтарда сағат 15:45-те жеткен. Операция нәтижесінде, Сириядан Ақтауға Қазақстанның 47 азаматы эвакуацияланды. Оның 11-і әйел, 30-ы – бала. Балалардың басым бөлігі 1 мен 5 жас аралығында. Ал ұшаққа кісендеулі мінген ер-азаматтардың көзін байлап отырғызған.

Сириядан оралғандар негізінен, Астана, Алматы, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Алматы және Қарағанды облыстарының тумалары. Олардың Сирияға 2012-2015 жылдар аралығында барғаны мәлім болды. Ұшақпен елге қайтқан әйелдер мен балалар қазір Маңғыстау облысындағы адаптациялық орталыққа жайғасты. Алайда, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы Бахытбек Рахымбердиев Сирияда, Иракта және Ауғанстанда әлі де жүздеген қандасымыз барын айтты. Олардың саны 400-ден асып жығылады. Дені әйелдер. Олардың қасында 500-ге жуық бала да бар көрінеді.

«Басым бөлігі интернет арқылы алданып, арбалғандар. Уағызшылар оларды әлеуметтік желі арқылы әдемі өмірге, барлық діни қағидалар толық сақталған, әділдік орнаған елге шақырған. Алайда, Сирияға барғандар әділеттіліктің атымен жоғына көз жеткізген. Мұсылмандар мұсылмандармен соғысып жатқанын түсінген. Алайда, барғаннан кейін кетіп қалу мүмкін емес еді. Қашқандар өлім жазасына кесіледі. Қашуға әрекеттенген қазақстандық азаматтардың дәл осылай террористер қолынан қаза тапқаны туралы қолымызда деректер бар», – деді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшысы Бақытбек РАХЫМБЕРДИЕВ.

Бахытбек Рахымбердиев сондай-ақ, Сириядан құтқарылған балалардың көбісінің әкелері мерт болғанын да мәлімдеді. Жас жеткіншектердің кейбірі сол елде туған. Олардың құжаттандыру мәселесімен енді Сыртқы істер министрлігі мен әкімдіктер айналысады.

Ал қарағандылық Ботагөз Махатованың келіні мен немерелері әлі сұм соғыс жүріп жатқан Сирияда екен. Журналистер алдында сөйлеген ананың тілі күрмеліп, көзіне жас үйіріле берді. Осыдан екі жыл бұрын ұлы Еркебұлан Сирияда белгісіз жағдайда мерт болыпты. Ал бауыр еті баласы бөтеннің майданына діни сауатсыздығынан кетті дейді ана.

«2012 жылы колледждің үшінші курсында оқып жүргенінде намаз оқимын деп айтты. Бастапқыда біз қарсы болдық. «Бірінші колледжді тәмамдап, әскерге барып кел» дедік. Алайда, ақыры рұқсат бердік. Бұл біздің қателігіміз болған шығар. Мен оны жіті бақылауға алдым, ешқандай олқылық байқамадым. Бір күні досымен Алматыға тауар аламын деп барған. Скайппен звондап, Мысырға оқуға барамын деді. Алайда, жарты жылдан кейін Сириядан шықты. Маған хабарласып, «Анашым, кешірші, осылай боларын білмедім» деді», – деді Ботагөз МАХАТОВА.

Ботагөз Махатованың айтуынша, Сирияда оның қазір келіні мен екі немересі қалып отыр. Ұлы сол елде қазақстандық бойжеткенмен некелескен екен. Олармен Ботагөз мессенджер арқылы тілдесетінін айтты. Қаза болған ұлының жерленгені бейнеленген видеоны да келіні осы желі арқылы жіберген екен.

«Біз уатсап арқылы сөйлесеміз. Олар соғыс майданынан шыққанын айтты. Алайда, белгіленген жерге дейін әлі жеткен жоқ. Себебі, жауынгерлік әрекеттер әлі де жүріп жатыр. Оның үстіне, жаяулап бара жатыр. Барлық жерде миналар орнатылған. Ұлым тірі болып, қайтып келсе екен деп армандаймын. Алайда, ол жоқ. Мен келінім мен екі немеремді күтудемін», – деді Ботагөз МАХАТОВА.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, Қазақстан билігіне соғыс аймағында қалған балаларын құтқару туралы 120 ата-анадан өтініш түскен. Радикалды топтардан сытылып шыққан бірнеше отбасы бұған дейін елге өз беттерінше оралыпты. Ал «Жусан» операциясы нәтижесінде эвакуацияланған адамдар бір ай бойы карантинде болады.

Айта кетейік, қаңқұйлы майданнан оралған азаматтардың басым бөлігі жіті тексеріледі. Өзге елдегі қылмысқа қатыстылар жауапкершілікке тартылады.


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана



Новости партнеров