Алматы тұрғынынан 184 ұялы телефон, 154 ноутбук табылды (видео)

06.11.2018 17:44

Алматыда 33 жастағы ер адам екі қабатты коттеджді ұрланған заттарды сақтайтын қоймаға айналдырған, деп хабарлайды Алматы қалалық Полиция департаменті.

Түркістан облысының тумасы бұрындары ұрлық үшін сотталған, ол коттеджде сандық техниканы, бағалы ішіктер, гаджеттер және оған қосалқы заттарды сақтаған.  

«М.Байдәулетов тұрғылықты мекенжайы бойынша сот санкциясымен тінту шаралары жүргізіліп, нәтижесінде әр түрлі модельдегі 184 ұялы телефон, 154 ноутбук, 10 нетбук, 7 теледидар, 29 видеокамера және фотоаппарат, 1 проектор, 6 ер адамдардың сөмкесі, 8 қаракүзен ішігі, 6 қол сағат, 26 ноутбукқа арналған сөмке, 80 телефонға арналған тысқабы, ноутбукты қуаттау құрылғысы - 15 дана. Байдәулетов ұрланған заттарды сатумен айналысып отырған. Мысалы, ол ұрылардан нетбукті 7 мың теңгеге сатып алып, 14-15 мың теңгеге сатып отырған», - деді Алматы Полиция департаментінің Криминалды полиция басқармасының басшысы Есен Ысқақов.  

Сонымен қатар, құқық қорғау органдары қызметкерлері Байдәулетовке ұрланған заттарды өткізіп отырған пәтер тонаушылары да ұсталды. Олар оқу орнынан 400 мың теңгенің затын ұрлап шығып келе жатқан жерінен ұсталды.  

«Бұлар 26-31 жас аралығындағы жас жігіттер. Алматы және Түркістан облыстарынан келген. Бұрындары ұрлық пен алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сатып алушы секілді олар да уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта олардың Алматы территориясындағы алты қылмысқа қатысы бары анықталды. Сотқа дейінгі тергеу барысы кезінде бұлар жасаған қылмыстардың көбейе беруі мүмкін. Басқа да істерге қатысы бар жоғы анықталып жатыр», - деді Ысқақов.

Байдәулетовтен тәркіленген заттарды өзіңіздікі екенін танып біліп жатсаңыз, мына нөмірлерге хабарласуыңызға болады: 254-43-93 және 8 (705) 212-21-21.