Қазақстанда тек 4,6 млн адам ғана ипотекалық несие ала алады

Қазақстанда тек 4,6 млн адам ғана ипотекалық несие ала алады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тек 4,6 миллион қазақстандықтың кредит алып, жеңілдетілген ипотека бойынша тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға мүмкіндігі бар. Бұл туралы бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Біздің қолда бар ақпаратқа сүйенсек, 18,3 миллион адамның 13,7 миллионында қаржылай шектеу бар. Мәселен, 3,5 миллион адамның кредиті бар; 5,3 миллион азамат – 15 жасқа толмаған; 2,1 миллионы – өзін-өзі жұмыспен қамтушылар; зейнеткерлер – 2,1 миллион; 250 мың адамның мерзімі өткен берешегі бар; студенттер – 500 мың. Сонда кредит алуға құқығы бар 4,6 миллион адам ғана қалады», – деді Жайымбетов сенатта.

Ол жыл сайын елімізде 100 мың пәтер немесе 12 миллион шаршы метр тұрғын үй салынатынын атап өтті. Оның 40 пайызы Алматы мен Астана қалаларындағы құрылысқа тиесілі.

«Кредиттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша, жыл сайын 15 мыңнан 20 мың пәтерге дейін пайдалануға беріледі. Кредиттік баспана құрылысына 277 миллиард теңге бөлінеді. Өңірлерде 1 шаршы метрдің құны 140 мың теңге, ал Астана мен Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкентте 180 мың теңге», – деді Жайымбетов.

Комитет төрағасының мәліметінше, елімізде 492 мың адам баспана кезегінде тұр. Оның 200 мыңы – халықтың әлеуметтік әлсіз тобы, 200 мыңы – мемлекеттік қызметкерлер, бюджет саласының қызметкерлері және 60 мыңға жуығы – жетім балалар мен ардагерлер.


Новости партнеров