Семейде үш бірдей полиция қызметкері бас бостандығынан айрылды. Тәртіп сақшылары есірткіге тәуелді тұрғынды дүкен тонауға мәжбүрлеген, деп хабарлайды Алтайньюс semeyainasy.kz сайтына сілтеме жасап.
Семейлік полиция қызметкерлері Берікбол Жиембай мен Ерлан Сыздықов беті ашылған қылмыстар санын көбейту үшін есірткіге тәуелді қала тұрғынын Defacto киім дүкенін тонауға көндірген. Жеңілдің үстімен жүріп өтпек болған сақшыларға Полиция басқармасының бұрынғы қызметкері Ф. Самигулов көмектесіпті.
«Олар мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік өзін-өзі басқару мүдделеріне қарсы ауыр сыбайлас жемқорлық және қылмыстық құқықбұзушылық жасады», – деп шешті сот.
Тәртіп бұзған тәртіп сақшыларының әрқайсысын 5 жылға бас бостандығынан және өмір бойына мемлекеттік қызметке орналасу құқынан айырды.
Сонымен қатар сот, басшылық тарапынан ведомстволық бақылаудың жоқтығы жәбірленушінің конституциялық құқықтарын бұзуға әкеп соққан айта келе, бұл жайды Семей ІІБ басшысының назарына жеткізуді тапсырды.