Алматылықтар Қасым Қайсеновтың 100 жылдық мерейтойын атап өтті

18.09.2018 21:30

Алматыда халық қаһарманы, қаламгер-партизан Қасым Қайсеновтың 100 жылдық мерейтойы аталып өтті.

Арда азамат 23 жасында сұрапыл соғысқа аттанып, Украина жерінде Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші отрядын басқарған. Соғыс аяқталған соң еліне оралып, бірнеше лауазымды қызметте еңбек еткен. Соғыстан соң қаруын қаламға ауыстырған ол «Илько Витряк», «Переяслов партизандары», «Ажал аузынан», «Жау тылындағы бала» сынды кітаптарды жазады.

Батырды еске алу кеші Абай атындағы опера және балет театрында ұйымдастырылды. Шараға марқұмның ет жақындары мен достары, сондай-ақ Алматы әкімі Бауыржан Байбек келген. Қала басшысы Елбасының құттықтау сөзін жиналған қауымға оқып берді.  

«Халқымыз ардақты азаматының есімін ешқашан ұмытпайды деп сенемін. Оның рухани мұрасы оқырмандарға ұсынылып, жарқын бейнесі, көркем шығармалары мен түрлі өнер туындылары арқылы халықтың жадында ұдайы жаңғыра беруге тиіс. Бүгінгі кеш те осындай игі мақсатпен ұйымдастырылып отыр. Салтанатты жиынның тағлымды да мазмұнды өтуіне тілектеспін. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев», – делінген ҚР Президентінің құттықтау сөзінде.