Алматы облысындағы музей қолөнершілері мен ұсталарының арманы – шеберлер мектебін ашу

30.11.2018 23:00

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын қолөнершілер қуана қабылдады. Мақалада Президент жас буынды ұлттық тәрбиемен сусындату керегін, ал оны шешудің жолы ретінде өлкетану музейлерінің жанынан жастарға өз тарихына мақтаныш ретінде айта алатындай шеберлік мектептерін ашуды ұсынды.

Ал Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы шеберлер бұл мақала ұсталарға дем берді, рухы басылған баршаға «ем» берді, бабадан қалған бай мұраны бұқараға барынша қызықты ғып насихаттауға жол ашады деді. Өйткені, өзгеге ұқсамайтын материалдық мәдениетімізді дәріптеу мақсатында ашылған Дәркембай атындағы қолөнер музейі қайта жабылудың тізіміне еніп кеткен екен.   

Атадан қалған асыл мұраны айшықтап, жаугершілік заман болмаса да, бұқараның бүгінгі қажетіне жаратып жүрген жанның бірі – Дәулет Шоқпаров. Бертінде бақилық болған әкесі Дәркембай да, арғы атасы Шоқпар да күнгей мен теріскейде тұрмыс кешкен елге танымал ұста болған. Ащы тер мен төзімді талап ететін темірден түйін түю мен байтақ далада дүбірлеп өткен бабалардың бес қаруын да әлі күнге дейін жасап келеді. Атойлап шапқанда қарсы жауын қақ айырар айбалтаны көрікке қыздырып, төске салып жатқан ұстаның үстінен түстік. «Мақаланы оқыдым, көңілім көншіді, көпке көрсетер жұмыстардың жасалуына себепкер болады деп сенемін», дейді ұста.   


«Сонау ата-бабаларымыз ғұмыр кешкен тарих қойнауына саяхат жасағандай болдық. Тура бізге арнап жазған мақаладай қабылдадым өз жүрегіммен. Осы мақалада музейге арнап жазылған жерлері маған үлкен дем бергендей болды. Сол мақалада айтылған нәрсе әр музейдің жанынан мектеп ашылсын, шеберлік сабақтары ашылсын деген жерлері өте қатты ұнады», – деді «Дәркембай ұста атындағы қолөнер музейі» МКК директоры Дәулет ШОҚПАРОВ.     

«Ұлы даланың жеті қырында» желдей жүйткіп шапқан аттың үстінен садақ тартудағы әдіс тәсілдерінің де көшпенділерге тиесілі екені айтылды. Көбебұзар жебенің көз ілеспес жылдамдықпен жауды жайратқаны, жабайы аңдарды осы садақпен аулағаны жалпақ жұртқа әмбеге аян. Бірақ бүгінгі ұрпақ садақ ату салтын сақтап отырған жоқ. Өйткені, қазыналы тарихымыз қасақана кемсітіліп, талай жыл басқа ұлттардың мұрағаты, еншісі ретінде үгіттелді дейді мақаланың мәніне үңілген ұсталар.

«Садақ ату біздің елімізде шыққанымен, көбебұзарға айналғанымен, қазіргі таңда біздің елімізде Жапониямен, Моңғолиямен салыстырғанда кеш дамып жатыр. Оның ары қарай іске асуына Елбасы мақаласының септігі тиер деген ойдамыз. Басқа ұлттық спорт түрлерімен салыстырғанда, осы садақ атудан бір де бір бетке ұстар есімді естіп жүрген жоқпыз», – дейді шебер Ринат МҮЛІКБАЕВ.

Қолөнер мұражайы мемлекеттің қолдауымен осыдан 13 жыл бұрын ашылған екен. Күміс, жез, мыстан қапталған ат әбзелдері, сауыт-сайман, теріден тігіліп, ағаштан ойылған көнеде құнды дүниелермен танысып, ертеде ғұмыр кешкен жандардың қарапайым заттардан қызықты да, сапалы дүниелерді жасап шыққанына еріксіз таңданып әрі мақтанасың.

«Асадал» деген осындай тұрмыстық бұйым болған. Мынау терек және қара ағаштан жасалған. Ал мынадай құрал «талқы» деп аталады. Ертеден мал шаруашылығымен айналысқан ата-бабамыз мал сүйегін, мүйізін жәнеде терісін босқа қалдырмай, өңдеп, пайдаға жаратқан. Малмадан шыққан тері өте қатты болып қалатын болған. Соны иі қанған теріні кептіріп, осы талқыға салып жұмсартатын болған», – деді Дәулет ШОҚПАРОВ.

Тұлпар аунап түк қалған, нар аунап жүк қалған байтақ даланың бай тарихын ауылда отырып-ақ насихаттап жатқаны көңілге жылылық ұялатады. Сан ғасырлық бай тарихымызды іс жүзінде насихаттаушылар әңгіме барысында мәселелерін де айтып қалды. Шебердің айтуынша, облыстық Мәдениет басқармасы тарапынан оңтайландыру жұмысы аясында музейді жабамыз деген сыбыс шыққан.

Ұлы даланың ұстаздары темірді төске басар кезде «Менің қолым емес, Тәңірдің сыйы» деп барып білек сыбанған. Көріктің маңы күйе болғанымен, ұстаздар рухани таза болуды басты талаптың бірі санаған. Қазақ даласы үшін көрік басу әлі күнге дейін киелі өнер саналады. Бейбіт уақытта тіршілікке қажетті тұрмыстық дүниені жасап, жұртың қажетіне жаратса, атқа қонған алмағайып заманда мыңдаған әскерді мынандай сауыт, найза, қылышпен қамтамасыз етті. Ұсталардың ендігі арман-мақсаты – «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандай, музей жанынан шеберлер мектебін ашу.


Әмірболат Құсайынұлы, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы