Астана – Шымкент пойызының бағыты ұзарды

19.09.2018 19:57

Бұдан былай Астанадан Түркістан облысының орталығына дейін пойыз ауыстырмай-ақ жетуге мүмкіндік тумақ, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ Түркістан облысына көлік қатынасын дамыту және жолаушыларды Қазақстанның танымал туристік орындарының біріне қарай тасымалдау мақсатында №176/175 Астана-1 - Шымкент пойызының бағытын обыстың әкімшілік орталығы - Түркістан қаласына дейін ұзартып жатыр», - делінген хабарламада.

Түркістан - Қазақстанның ең ежелгі қалаларының бірі, ол Шымкенттің солтүстік-батысында орналасқан. Онда Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан Баб мавзолейлері, Әзірет Сұлтан қорық музейі және т.б. орналасқан. Алғашқы бағыт осы жылдың 2 қарашасында Астана-1 стансасынан шығып, Түркістан стансасына 3 қарашада жетеді.

Кері бағыттағы пойыз Түркістан стансасынан 4 қарашада жолға шығып, Елордаға 5 қарашада келеді. Пойыздың құрамында 10 вагон бар (5 - купе, 5 - плацкарт), жалпы орындар саны - 434 (174 купе, 260 плацкарт).

«Бағыт Қарағанды, Ақадыр, Сарышаған, Шығанақ, Шу, Луговое, Тараз, Боранды, Түлкібас, Манкент, Шымкент, Арыс-2 стансаларына тоқтайды. Бағыттың қашықтығы - 1646 км, 25 сағат 3 минут бару және 25 сағат 26 минут қайтуға жұмсалады. Пойыздың кестесі жолаушыларға ыңғайлы етіп жасалған. Пойыз Астанадан жұп күндері 21 сағат 40 минутта шығып, Түркістан стансасына тақ күндері 22 сағат 43 минутта жетеді», - делінген баспасөз баянында.

Кері бағытта жұп күндері 11 сағат 30 минутта аттанып, елордаға тақ күндері 12 сағат 56 минутта келеді. Бұл кесте пойыздар қозғалысының жаңа кестесі шыққанға дейін (2018 жылдың 9 желтоқсанына дейін) жұмыс істейді.