Еліміздегі полиция қызметкерлерінің саны қысқарып, жалақылары артуы мүмкін

Еліміздегі полиция қызметкерлерінің саны қысқарып, жалақылары артуы мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жұмысына салғырт қарап, нәтиже шығармайтын полицейлер енді қызметтен босатылады. Сондықтан Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев ел полицейлеріне қызметтеріне зор жауапкершілікпен қарауды қайта-қайта қадап айтты.

Аймақтардағы қылмыс деңгейін естіген Үкімет басшысы Ішкі істер министрі мен облыстағы полиция басшыларынан біртіндеп жауап алды. Қалмұханбет Қасымов Президент тапсырмасы орындалмай жатқанын айтса, өңірдегі басшылар қылмыспен күрес және кедергілер жайын жайып салды.

Әр апта сайын бір ведомство басшысынан атқарылған жұмыс жайлы сұрайтын Бақытжан Сағынтаевтың алдында бұл жолы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов есеп берді. Қасымов Жергілікті полиция аймақтық полиция департаментіне шілде айынан бері өткеннен кейінгі жұмыс қарқынына тоқталды.   Үйреншікті баяндамадан кейін Премьер-министр төрт айда ел тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде нақты не өзгергенін сұрады.

«Халық үшін не өзгерді? Жай, қарапайым халық осы өзгерістен кейін не сезінді?  Өзін қауіпсізірек сезіне бастады ма, әлде басқаша болды ма? Қандай өзгеріс бар?», – деп сұраған Үкімет басшысына: «Солай болады. Бақылау көп болады. Әкімдіктердің рөлдері күшейді», – деп жауап берді бірден министр.  

Министр ведомствода реформа жүргізбек. Жұмысында нәтижесі жоқ мамандардың, нақтырақ айтсақ, қызметкерлердің он пайызын жұмыстан босатады. Орны босағандардың жалақысы қалған қызметкерлерге қосылмақ. Министрдің сөзінше, өңірлерде полиция сержанттарын офицерлік лауазымға ауыстыру ісі мүлдем жүргізілмей жатыр. Бұл да олардың айлығына ақша қосар еді деді ол. Осыны аймақ әкімдері қаперге алсын деген ведомство басшысы Қазақстанда отбасындағы қылмыстар 83 пайызға артқанын айтты. Ащы суға сылқия тойып алып, бірінші рет ауыр қылмысқа баратындар саны да артқан.

Осыдан кейін Үкімет отырысына аймақтар қосылды. Бақытжан Сағынтаев аса ауыр қылмыстар саны 48 пайызды көрсеткен Ақтөбе облысына тоқталды.  

«Бақытжан Әбдірұлы, біз қылмыспен күресіп келеміз. Бірақ ол маятник сияқты әркезде өзгеріп отырады. Қолымыздан келгенше жұмыс жасап жатырмыз», – деп жауап қатты Ақтөбе облысы ІІД басшысы Махамбет ӘБІСАТОВ.

«Полиция қызметтері басқа аймақтарда да жұмыс істейді. Бірақ өзге аймақтарда мұндай көрсеткіштер жоқ. Енді бәленің бәрін ұрыларға, қылмыскерлерге жаба салмақпыз. Солар қатты жұмыс істеп жатыр, біздің қолымыздан түк келмей жатыр деу керек», – деді зілді дауыспен Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Атырауда да жағдай оңалмай тұр. Онда қарақшылық көрсеткіші бірден 40 пайызға өскен. Премьер-министр ол жақтың да бас полицейінен жауап алды. Оның сөзінше, қазір 260 қызметкер жетіспейді. Себебі, айлық аз, мұнайлы өңірде қарапайым көлік жүргізушісі ай сайын 260 мың теңге көлемінде жалақы алады деп құтылды. Бақытжан Сағынтаев қызметте адам жетіспесе, министрдің жұмыс орнын қысқарту реформасының мән-мағынасы неде деп таңданыс білдірді.

«Министрліктің шешімі қандай болады, біз қолдаймыз. Соған сәйкес жұмыс жасаймыз», – деген Атырау облысы ІІД басшысы Аян ДҮЙСЕМБАЕВТЫҢ  бұл уәжіне Үкімет басшысы: «Ақша берсе, қылмысты  тоқтатамыз, ақша бермесе, қылмыспен күреспейміз. Сіздің жауабыңыз солай болып тұр. Сіздің айтып отырғаныңыз адам өміріне түсініктікпен қарайтыныңызды көрсеткендей. Былтыр 25 адам өлген, биыл 26 адам өлді. Бір адам болса да, ол адамның өмірі ғой, осыншама жеңіл қарауға болмайды», – деп кейістік танытты Үкімет басшысы.

Жиында Алматы облысындағы жағдай да айтылды. Соңғы екі жылда бұл аймақтағы полицейлер жұмысына 1 миллиард теңге қаражат аударылған. Қылмыс көрсеткіші 8,7 пайызға төмендесе, ұрлық деңгейі 11 пайызға азайған. Басқа облыстар да жағдайға қалыпты деген баға берілді.

Сонымен қатар, Қасымов Астананың Ішкі істер департаментінің біраздан бері бос қалған «Рамада Плаза» қонақүйіне көшкенін жариялады. Бірінші қабатында демалыс орны бар нысанның ішіне құрылыс жасалады. Оған қаланың «Байқоңыр» ауданы әкімдігінің аппараты да қоныс теппек.

Ведомство басшысы Президенттің әрбір полицейді бейнетіркеуішпен қамтамасыз ету ісі әлі де аяқталмай жатқанын тілге тиек етті. Жиын соңында Сағынтаев аталмыш ведомствоның ақпаратқа ашық болып, Қоғамдық кеңестің қатысумен көбірек жиын өткізіп тұруын тапсырды.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров