20 желтоқсанға дейін ШҚО-да 500 полицей қысқартылады

19.10.2018 18:00

ШҚО Ішкі істер департаментінде 500 полиция қызметіннен босатылады, деп хабарлайды Алтайньюс.

Шығыстың бас шаһарына жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Берік Дүйсембинов департамент және басқарма басшыларымен кездестіп, алдағы өзгерістерді талқылады.

«Әлемнің барлық елдерінде азаматтардың қауіпсіздігі – полицияның иығына артылған мемлекеттің басты міндеті болып саналады. Сол себепті де Елбасы жолдауында осы мәселені баса айтты», – дейді Б.Дүйсембинов.

ШҚО ІІД Президент жолдауына сәйкес ІІМ-ның талаптарымен барлық полиция учаскелерінің басшылығы ақпараттандырылғанын атап өтті.

«Жолдауда айтылған оңтайландыруға сәйкес, ШҚО ІІД-де 500 қызметкер қысқартылады, бұл жалпы санның 10 пайызы. Бірінші кезекте басқарма қызметтері мен аралас функцияларды атқаратын біріккен қызметтер қысқарады. Жергілікті тұрғындармен жұмыс істейтін қызметкерлер орнын сақтап қалады», – деді ШҚО ІІД штабының басшысы Дәулет Қасенов.

Департаменттегі оңтайландыру 15-20 желтоқсанға дейін аяқталады. Қысқартудан түскен қаржы есебінен өзге қызметкерлердің жалақысы көбеймек. Сондай-ақ жиын барысында қағазбастылықты азайту мәселесі көтерілді. Енді құжаттамалар мен есептің тең жартысы қысқарады. Яғни тәртіп сақшыларының өз жұмыстарына көбірек көңіл бөле алады.