«Қазпошта» жеке тұлғалардан барлық сәлемдеме мен хаттарды ашық күйінде қабылдайды

27.12.2018 21:01

Жаңа жылдан бастап пошта арқылы жөнелтілетін жеке тұлғалардың барлық сәлемдемелері мен хаттары ашық күйінде қабылданады. Бұл 2016 жылы қабылданған «Пошта туралы» заңға сәйкес жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Қазпоштаның баспасөз қызметі.

«Бүкіл Қазақстан бойынша барлық бөлімшелерде ашық түрде қабылданады. Бұл тек жеке тұлғалардың хаттары мен сәлемдемелері. Мақсаты – біздің клиенттер мен жұмыскерлердің қауіпсіздігін сақтау», – деді «Қазпошта» АҚ пошталық бизнес департаментінің директоры Қайрат БЕКЕНОВ.

Жаңа ережеге сәйкес барлық тапсырыс хат, бандероль және құндылығы жарияланған хат пен сәлемдемені пошта байланысы бөлімшесіне ашық күйінде әкеледі. Бұл ретте пошта операторы сәлемдемелерді қабылдағанда, жөнелтушінінің деректерін тіркеуі тиіс. Айта кетейік, «Қазпошта» арқылы күніне 40 мыңға жуық хат пен 20 мың сәлемдеме жіберіледі.