Алматыда қонақ үй өртенді

20.10.2018 18:09

Алматының Медеу ауданында «Парасат» қонақ үйі өртенді, деп хабарлайды Qamshy.kz.

«Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің кезекшілік нөміріне 19 қазан күні сағат 22:13-тер шамасында Медеу ауданының Елебеков көшесінің бойында орналасқан 4 қабатты ғимараттың 2-ші қабатынан өрт шыққаны туралы хабар түсті. Өрт сөндірушілердің алғашқы тобы оқиға орнына 8 минуттан соң, сағат 22:21-де жетті», – деп хабарлады Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Сандуғаш Баймұханбетова.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенше «Парасат» қонақ үйінің 1-ші қабатынан қою түтін шыққаны, ал 2-ші қабатынан жалын байқалған.

«Мәлім болғандай, 4 қабатты қонақ үйдің 2-ші қабатында екі нөмір мен дәліз өртенгені белгілі болды», – деп қосты ресми өкіл.

Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің күшімен өрттің өзге бөлмелерге енуіне тосқауыл қойылды. Өрт сағат 22:34-те ауыздықталды, ал 00:11-де толықтай сөндірілді. Жалын шарпыған аймақ 90 шаршы метрді құраған.

Оқиғаның салдарынан зардап шеккендер мен мерт болғандар жоқ.