Ақмола облысының полицейлері өз фирмасына тонаушылық ұйымдастырып, қаражат қымқырған қызметкерлерді ұстады, деп хабарлайды Sputniknews.kz облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ерейментау аудандық полиция бөліміне 7 желтоқсанда Павлодар-Астана тас жолында қарақшылық шабуыл болғаны туралы хабар түскен. Көкшетау қаласының жеке кәсіпкерлігінің сауда өкілі — жәбірленушінің айтуынша, мемлекеттік нөмірі жоқ авто жолда оның көлігін тоқтатып, белгісіз біреулер фирмаға тиесілі 5 миллион теңгені тонап кеткен.
Қарақшылық шабуыл бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, арнайы топ құрылған екен. Оқиғаның мән-жайын зерттеген жедел қызметкерлер кей деректердің сәйкес келмейтінін байқап, ер адам жалған тонаушылық ұйымдастырды деген күдік пайда болған.
Белгілі болғандай, жәбірленуші мен оның екі танысы (олардың бірі сол фирманың қызметкері) жеке кәсіпкерлікке тиесілі ақшаны қымқырып, қылмыстың ізін жасыру үшін полицияға қарақшылық шабуыл туралы хабарлайды.
Тәулік ішінде шындық әшкере болды. Үш күдікті уақытша ұстау абақтысында отыр. Қылмыстық іс жүргізіліп жатыр.