Алматы билігі «Думан» шағынауданына ауыз су жүргізіп берді

22.11.2018 18:39

Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Медеу ауданы әкімі Ержан Жылқыбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Думан» шағынауданының 30 мыңға жуық тұрғыны 10 жыл бойы ауданға су желісі мен кәріз жүйесін жүргізуді өтініп келеді. Биыл осы жұмыстар қолға алынды. Жыл соңына дейін сумен қамту және кәріз жүйесі толық іске қосылады», - деді аудан әкімі Ержан Жылқыбаев.

Одан бөлек, биыл ауданда 100 аула күрделі жөндеуден өткізіліп, 64 көшеде жарықтандыру жүйесі, арық жүйелері жөнделмек. Биылдың өзінде шағынауданда 23 көшенің жарықтандыру жүйесі жаңғыртылып, 16 км жол жөнделді. Ұзындығы 8,6 шақырым болатын тротуар жасақталды.

Сонымен қатар, Орталық мәдени және демалыс саябағын жөндеуге 1,6 млрд теңге бөлінген болатын. Ауданда 140 аялдама орнатылды.