Алматыда пәтер жалдағысы келгендерді алдайтын алаяқтар көбейген

11.10.2018 22:50

Алматыда алаяқтар көбейді. Биыл жыл басынан бері осындай қылмыс түрімен айналысқан 40 шақты азамат ұсталыпты. Олардың 50-ден аса дерекке қатысы бар екені дәлелденген. Оңай пайда табуды көздеген әккі қулар әсіресе, пәтерді жалға алғысы келетіндерді тақырға отырғызады. Тіпті, көптің күдігін тудырмас үшін жалған құжат та жасатып алатын көрінеді.    

Пәтерді Алматының орталығынан жарнама арқылы тауып, жалға алған қыз тақырға отырды. Есімін жасыруды сұраған Алматы облысының тұрғыны бір апта бұрын Мұқанов көшесіндегі мына үйден 1 бөлмелі пәтерді көрген. Үй иесімен кездесіп, пәтер ішін аралап шыққан ол 1айға 100 мың теңге де төлеп қойыпты. Өйткені, алаяқ әбден сеніміне кіріп, қолындағы бар құжатын көрсетті дейді жәбірленуші.  

«Ол маған барлық құжатын көрсетті. Ол құжаттаржы 1-і күні алған екен, ал мен 2-сі күні жалдап алуға келген едім. Екеуміз пәтер ішінде жарты сағаттай сөйлестік. Ол маған бәрін көрсетті. «Ешкімді кіргізбеңіздер, дегенмен, ешқандай жағдай болмайтын шығар» деген сөздер айтты. «Үй таза, бұрын ешкімге өткізілмеген» деп айтты», – дейді жәбірленуші.

Алматы облысының тұрғыны бауырларын ертіп, сол күні-ақ пәтерге көшіп келіп, өзі жұмысқа кеткен. Тек ақысы төленсе де, отбасы үйде бір түн де түней алмапты. Өйткені, кешке қарай оған пәтерді үйдің шын иесінен ұзақ уақытқа жалға алған келіншек хабарласыпты. Сөзінше, ол пәтерді әлдебіреуге тек 1 күнге ғана жалға берген. Сонда, айласына құрық бойлатпайтын жігіт оны осы уақытта басқа адамға 1 айға жалға беріп, ақысын алып, өзі тайып тұрған.

«Түстен кейін өзім күдіктене бастадым. Өйткені, пәтерді жалға берген адам нөмірін өшіріп тастапты. Бір кісі «менің пәтерімді сізге өткізіпті, мен сөмкеңізден заттарыңызды ашып, ішінен телефон нөміріңізді таптым деді», – деп түсіндірді жәбірленуші.

Алданып қалған қызбен сөйлесіп тұрғанымызда, қасымызға пәтерді иесінен ұзақ уақыт жалға алған келіншектің өзі келе қалды. Айтуынша, жігітті мүлдем танымайды екен. Ол тіпті, дәлел ретінде ұялы телефонға жазылған жазбаны да көрсетті.

«Алло! Сәлеметсіз бе, мен хабарландыру бойынша хабарласып тұр едім. Пәтер тапсырасыз ба? – Қандай? – Мұқанов көшесіндегі 1 бөлмелі пәтерді. – Иә, сізге қашан керек еді? – Бүгін керек. – Қанша уақытқа? – Бір тәулікке...»  

Көп жағдайда алаяқтар халықты жалға алу құнының бағасын нарықтағыдан анағұрлым арзандатып арбайды екен. Дегенмен, тәртіп сақшылары қандай жағдай болмасын, салғырттық танытпай құжаттарды тексеріп алуға кеңес береді. Ал аталмыш дерекке келсек, күдіктінің бет-әлпеті бар. Сондықтан полицейлер қылмыс тез ашылады деп отыр.

«Есептерді тексеріп алу арқылы оны міндетті түрде аты-жөнін анықтап, қылмыстық жауапкершілікке тартамыз. Қазіргі таңда Алмалы аудандық Ішкі істер басқармасында ҚК 190-бабының 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, криминалды басқармасына қарасты қызметкерлер де жұмылдырылды», – деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Жалпы, Алматыда соңғы 5 жылда дәл осындай алаяқтық деректерінің саны күрт өскен. Яғни, мұндай деректер қылмыстың 14 пайызын құрайды екен. Сондықтан полицейлер дүйім жұртты сақ болуға шақырады.


Жадыра Омаржан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы