Премьер-министр астықты уақытылы жинауды тапсырды

Премьер-министр астықты уақытылы жинауды тапсырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде егін жинау науқаны кеш аяқталады. Ауа райының қолайсыздығынан дәнді дақылды жинау жұмысының тек 59 пайызы біткен. Министрлерді жинаған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев астықтың уақытылы жиналуын тапсырды. Жиында қант қорының қаншалықты екені айтылып, Астананы көркейту туралы алдағы жылдарға арналған жоспар таныстырылды.  

Күздің алғашқы айының қақ ортасында алқаптың 59 пайызы жиналған. Бұл 9 млн гектарға жетер-жетпес қана аумақ. Әлі 6 миллионнан астам гектардан астық алынуы тиіс. Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев жұмыстың тұралап қалуын қолайсыз ауа-райымен байланыстырды.

Бірақ қиындықтарға қарамастан, 11,2 млн тонна дақыл қамбаға бастырылып, түсім гектарына 12,5 центнерді көрсеткен. Ал жауын кесірінен элеватордағы астықтың ылғалдылығы да жоғары екен.  

«Түскен ылғал өскіндердің пайда болуына, арамшөптің көбеюіне әкеледі, бұл да егін жинау жұмыстары кезінде қиындықтар тудыруда. Осыған байланысты облыс әкімдіктері өнімділігі жоғары егін жинау техникаларын пайдалану, егін жинауға кедергі жасайтын проблемалық мәселелерді шешу арқылы егін жинау қарқынын арттыруы қажет», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ ШӨКЕЕВ.

Ылғалды астық кептірілуі тиіс. Бұл дизель отынының артық шығындалуына әкеп соғуы мүмкін. Жалпы, шаруалар 394 мың тонна дизель сұраса, оның 269 мыңы егін орағын жүргізуге жіберілген. 6 облыс базистік ылғалдылығы 13,5 пайызды құрайтын бидай бұзылмас үшін қосымша тағы 85 мың тонна жанар-жағар майын сұрап отыр. Ауылшарушылығы министрінің айтуынша, республика бойынша 20 млн тонна дәнді дақыл жиналады. Сондықтан астық бұзылуының, оның уақытылы жиналмауының алдын алу керек деді Премьер-министр.  

«Өздеріңіз көріп отырғандай, жауын-шашын кедергі болып, егін жинау уақыты кешеуілдеуде. Былтырғымен салыстырғанда көрсеткіштеріміз 20-25 пайызға төмен. Дегенмен, қазіргі күнгі ауа райының қолайлылығын пайдалана отырып, астық жинау науқанын уақытында бітіруді қолға алуды тапсырамын», – деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Министрлер жиынына қатысқан Астананың жаңа әкімі Бақыт Сұлтанов қызметіне етене кіріскен. Жұмысқа жаяу барамын деп ағынан жарылған экс-қаржы министрі елорданың қалай көркеятіндігімен бөлісті. Әкім айтқан жоспар жүзеге асса, бұдан былай астаналықтар нөсерден кейінгі суды тізесімен кешпейтін болады. Ағын суды жинайтын 13 мың гектар жер болашақта 23 мыңға дейін артпақ.

«Нақты шешімді қажетсінетін Астананың өзекті мәселелерінің бірі – нөсер кәрізі. 2019 жылдың соңына қарай нөсер кәрізінің қолда бар тазалау құрылыстарын реконструкциялау және жаңаларын салу жұмыстарын өткізу жоспарланып отыр. Бұл 17 мың гектар ауданды қамтуға және жер үстіндегі сулардың кедергісіз кетуіне мүмкіндік береді», – деді Астана қаласының әкімі Бақыт СҰЛТАНОВ.

Жалпы алғанда, Бақыт Сұлтанов, Үкіметтен сумен жабдықтау, тарту және нөсер - жауын кәріз жүйесіне 154,5 млрд теңгенің 39 жобасын іске асыруды қолдауды сұрады. Оның сөзінше, 2023 жылы Астананың халық саны 1,5 миллион адамға жетеді. Сәйкесінше, адам саны артқан соң, елордада алдағы 6 жылда 10 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Отырыстан кейін Қазақстанда қант қоры жайында брифинг өтті. Ауылшаруашылығы министрлігі бұл мәселе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше емес елдерден әкелінетін шекерге баж салығы қосылғандықтан көтеріліп отыр деді. Бұрындары баж салығы жоқ болса, қазір Қазақстанға бір тонна қант өткізетін азамат 340 АҚШ долларын төлеуі тиіс. Дегенмен, ведомство өкілдері ел арасындағы қант тапшылығын қаңқу сөз деді. Қазақстанда халыққа екі айға жететін тәтті тауар қоры бар.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана



Новости партнеров