Белбеумен сабаған: сотта прокурор Денис Теннің қалай өлтірілгенін айтты

Белбеумен сабаған: сотта прокурор Денис Теннің қалай өлтірілгенін айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Денис Тенді пышақ сұқпас бұрын белбеумен сабаған. Бұл дерек әйгілі спортшының өліміне қатысты сотта айтылды. Мемлекеттік айыптаушы шабуыл туралы айтылмаған деректерді баяндады. Белгілі болғандай, Денис көлігінің айнасын ұрлағандармен ауыр жарақат алғанша арпалысқан. Олардың тіпті, белдікпен сабағанына да шыдас берген. Тек санына сұғылған пышақ жарақатынан соң әлі құрыпты. Дегенмен, күдіктілердің барлығы мұндай айыппен келіспей, бас шайқап отыр.

Денис Теннің өліміне қатысты негізгі сот тыңдауы басталып, мемлекеттік айыптаушы қанды оқиғаның жай-жапсарын баяндады. Прокурор әуелі қылмыстық топты құруға түрткі болған Арман Құдайбергеновтың бұған дейін жасаған біраз былығына тоқталды. Соттылушы әуелі, Алматы тұрғыны Ермек Жанқабаевты сан соқтырған екен. Оның көлігінен құны 608 мың теңге тұратын айнаны шешіп, дереу Астанаға аттанған. Елордада құры жүрмей, Шамшиев есімді тұрғынның автокөлігін тонапты. Оған 400 мың теңге шығын келтірген соң, Алматыға қайтқан. Осылайша, Қиясовпен және Толыбаевамен алдын ала сөз байласып, ұрлық жасауға бірге әрекеттеніпті.

«Магнум» дүкенінің ішіне келіп, автокөліктердің айналарының сым темірлерін кесу үшін ас пышағын сатып алған. Және Қытайда өндірілген қолғап сатып алған Құдайбергенов. Сол алынған заттарды Құдайбергенов Қиясов пен Толыбаеваның көзінше өзінің рюкзагына салып қойған», – деді мемлекеттік айыптаушы Қуандық ДОСОВ.

Тергеу материалдарына сүйенсек, қылмыстық топ мүшелерінің әрқайсының өз рөлі болған. Суық қарумен қаруланған Құдайбергенов пен Қиясов көліктердің айнасын ұрлап жатқанда, Жанар Толыбаева маңайды барлап, адам қарасы көрінсе оларға дереу хабарлап тұрған. Бірақ сол қанды оқиға болған күні Толыбаева көлігіне бет алған Денис Тенді байқамапты. Спортшы өз машинасының айнасын шешіп жатқандарды көріп, ізіне түскен.

«Ұрланған автокөлік айнасын қайтару үшін Тен Құдайбергеновтың артынан жүгіріп, Байсейітова көшесінің бойында орналасқан спорт алаңының жанында қуып жеткен. Тен мен Құдайбергеновтың арасында төбелес басталып кеткен. Теннің қарсылығын қайтару үшін және ұрланған мүлікті алып қалу үшін, Құдайбергенов Теннің өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолданып, сымындағы темір белдігін алып Теннің бет тұсынан соққы жасай бастаған», – деді мемлекеттік айыптаушы.

Белбеумен бет-жүзінен сабаса да, Денис ұрыларға дес бермеген. Осы тұста Құдайбергеновке көмекке Қиясов келіпті. Ол да спортшының жағасына жармасып, бір сәтте санына пышақ сұғып алады. Алайда, айыптау актісін мұқият тыңдаған сотталушылардың барлығы мұның бәрін мойындамады.

«Мен ұрлықты мойындаймын, бірақ қарақшылық пен кісі өлімін мойындамаймын. Өйткені, менің ойымда ондай нәрсе болған жоқ», – деді Арман ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ.

Ал Жанар Толыбаева прокурор айтқандай қылмыс жасалған жерде болмағанын мәлімдеді. Толыбаеваның сөзінше, ол Денис Теннің қалай пышақталғанын көрмеген және қасындағы серіктерінің кісі өлтіретін ойы барын білмеген.

«Маған 188-бап бойынша айып тағылды, бірақ менің ол жерде қылмысқа бара жатқанымызды білмегендігімді, яғни ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабын 30-бапқа ауыстыруыңызды сұраймын. Яғни, үшінші соучастник, яғни қатысушы дегенді ауыстыруыңызды сұраймын. Мен қылмыс туралы білген жоқпын», – деді сотталушы Жанар ТОЛЫБАЕВА.

Ал жәбірленуші тарап алдыңғы сот отырысында айтқан сөздерінен танбады. Олар әлі күнге Денисті бәзбіреулер тапсырыспен, қасақана өлтірген деп отыр. Тіпті, мұны растайтын куәгері барын және оны алдағы процестерге шақыртатынын жеткізді.

«Бұл қанды оқиғаның артында бірнеше адам тұр. Құдайбергенов пен Қиясов бұл қылмысқа жайдан жай барған жоқ. Оларды біреу айдап салып, ұрлық жасауына ықпалдасты. Әйтпесе, Құдайбергенов неге Садуевке қоңырау шалып, 5000 доллар бер деп айтқан?», – деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Нұрлан ӨСТЕМІРОВ.

Жұмбақтап сөйлеген жәбірленуші тараптың қорғаушысы Садуевтың кім екенін ашып айтпады. Тек мән-жайға Құдайбергеновтың жауабы кезінде қанық боласыздар деп қысқа қайырды. Ал атышулы іс бұдан былай аптаның 4 күнінде қаралатын болды. Бүгін Құдайбергеновке бірінші болып тоналған алматылық Ермек Жанқабаевтан жауап алынды. Ал ертеңгі отырыста Денис Теннің анасына сөз берілмек.


Айдана Мейрамбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров