Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласымен толық танысып шықтым. Бұл осыдан бір жарым жыл бұрынғы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаланың заңды түрдегі жалғасы екен. Бұл туралы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих-археология және этнология факультетіндегі Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, профессор Берекет Кәрібаев пікір білдіру барысында айтты, деп хабарлайды Бақ.кз.
Оның айтуынша, Елбасының мақаласында Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 27 жыл ішіндегі біздің экономикалық, рухани дамуымызға қатысты ерекше ой бар екендігін жеткізді.
«Кезінде Іляс Есенберлин «ағаш неғұрлым биіктеп өскен сайын, тамыры оның тереңдей түседі» деген. Дәл қазір біз ғарыштап дамыған сайын тамырымызды да солай игеріп жатырмыз. Осыдан 3 жыл бұрынғы Қазақ хандығының 550-жылдығында біз өзіміздің ұлттық мемлекетіміз осыдан 550 жыл бұрын басталады деп келсек, енді Елбасының мына мақаласынан кейін өзіміздің тарихымызды кем дегенде 3 мың жылға ары жылжытып отырмыз», - дейді ол.
«Әлемдегі жеті керемет» деген сөз бар, сол сияқты «Ұлы даланың жеті қыры» деген сөзде алғашқы ойлары Қазақ елі, оның аржағы Ұлы дала әлемге не берді, бүгінгі өркениетке не қосты дегенде кем дегенде осы жеті қырын көрсетіп отыр. Қандай? Бір ғана атқа міну мәдениетінің өзі қаншалықты маңызға ие болғанын айтады. Осы атқа міну мәдениетінің өзінен тағы жеті ереже шығады. Жабайы жылқыны қолға үйрету, оны міну үшін шалбар кию керек, бұрын Еуропада шапан сияқты бір ғана жамылғы болған. Ал қазақтың киімінің өзі ықшам болу үшін астыңғы-үстіңгі болып бөлінген. Одан кейін атқа жай мінбеген, оның үстінде садақ тартып, қылыш жасай білген. Міне, осының бәрі атқа міну, атты әскерді қолдану 15-ғасырға дейін, яғни ұлы географиялық ашулар мен от қарулар шыққанға дейінгі Бүкіл әлемдік тарихтың авангарды көшпенділер болғандығын білдіреді. Бұл бізде дәлелденген, елімізде «Бопай» мәдениеті бар. 1982 жылдан бері мұны дүниежүзі мойындады», - дейді тарихшы.