Алматыдағы жер қорын тиімді пайдалану туралы мәселе әкімдік алқасы мен қала прокуратурасының бірлескен жиынында талқыланды.
Осы күні уақытша пайдалану мерзімі біткен жалға берілген жерлерге тексеру жүргізу басталды. Бүгінгі күні прокурорлар салық төлемей пайдаланылып келген 34 жер телімін анықтаған. Бұл жерлер мемлекеттік қорға қайтарылатын болады.
«Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында жер мәселесіне ерекше назар аударылып, «жер қатынастары саласына тексеру жүргізіп, істі ретке келтіріп, жерді нақтылы инвесторларға беру қажет» делінген. Қазірдің өзінде Алматыда игерілмеген 2,4 мың жер телімінің бар екені анықталды, оның 27%-ы айналымда, 47%-ы 10 есе салық салу үшін Мемлекеттік кірістер департаментіне жіберілді, үш учаске ерікті түрде мемлекет пайдасына қайтарылды. Осы орайда қала прокуратурасы үлкен іс тындырды және Президент берген тапсырма аясында бұл жұмыс әрі жалғасатын болады», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Алқа отырысында соңғы екі жыл ішінде мегаполистің инфрақұрылымын дамыту және жол айрықтары мен жолдар салу мақсатында 300-ден астам жер телімі қайтарылған екен. Жүргізілген тексеру барысында құжаттардың қолдан жасалғаны, жер бағасының негізсіз көтерілгені белгілі болған. Осындай заңсыз іс- әрекеттер салдарынан мемлекетке келген шығын 2,5 млрд теңгені құраған, прокуратура жүргізген шаралар арқасында 1,5 млрд теңге шығынның орны толған.
«Бұл салада түрлі құйтырқылықтар жасалады. Обьектінің әрбір иесі компенсация бағасын көтерудің түрлі жолдарын іздестіреді. Олар үшін ең қолайлысы жалған құжаттар мен бағаны көтеру. Қылмыскерлер барлық құжатты – жергілікті органдардың шешімдерін, техпаспортты, нысанды іске қосу актісін қолдан жасайды. Біз жалған құжат жасаудың 14 фактісін анықтадық, олардан келетін шығын 2 млрд теңгені құрады. Бұларға қатысты қылмыстық іс қозғалды, шығынның орнын толтыру шаралары жүзеге асуда», – деді Алматы қаласы прокурорының орынбасары Берік АДАМОВ.
Жиында прокуратура тарапынан бағалаушылардың берген қорытындысына салыстырмалы сараптама жүргізілгенін және келеңсіз фактілердің анықталғаны айтылды. Бүгінгі күні сотта қаралған 5 объектінің алғашқы құны 500 миллион теңгеге төмендеген. Қарсылық білдірілген 12 іс қаралуда, олардың бағасы 300 млн теңгеге төмендейді деп күтілуде.