Алматының Алатау және Наурызбай аудандарына жаңа троллейбустар қатынайды

10.12.2018 21:40

Келер жылы Алматының Алатау және Наурызбай аудандарына жаңа троллейбустар қатынайды. Қазір әкімдікте оны жүзеге асыру үшін тиісті сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жаңғырту барысында 172 шақырымнан аса желі ауыстырылса, сыртқы жарықтандыруымен қоса 529 баған да жаңасына өзгертіледі.  Ал жер астынан жүргізілген 40 шақырымға жуық  желі де жөнделеді деп жоспарлануда. Олардың дені БРТ желісі бойынша, яғни Тимирязев, Жандосов көшелерінде орналасқан. Әзірге жауаптылар жаңа троллейбус бағыттарының қандай көшелермен жүретінін айтуға асығар емес. Барлығы сараптама аяқталып, құрылыс жұмыстары басталғанда белгілі болады деп отыр.

Айта кетерлігі, Алматыда 75 жылдан бері троллейбус қатынайтынын ескерген мамандар келесі жылы қаладағы тозығы жеткен кабельдердің  толықтай жаңартылатынын алға тартуда.

«Бұл жобада 6 қосалқы станцияның жабдықтарын, қондырғыларын қайта қою және одан бөлек, 2 қосалқы станцияны салу қарастырылған. Тағы айта кетсек, 4 жаңа троллейбус желісін ашу қарастырылып отыр. Желінің жалпы ұзындығы 40 шақырым болады», – деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Данияр НАДЫРХАНОВ.