Ұлттық банк халықтың құқығын бұзған 6 банкті атады

Ұлттық банк халықтың құқығын бұзған 6 банкті атады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

ҚР Ұлттық банкі клиенттердің өтініш-шағымдарынан кейін тексеріс жүргізіп, ең көп бұзушылыққа жол берген банктерге шара қолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҰБ баспасөз қызметінен хабарлағандай, қаржы регуляторы халықтың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу бойынша 2018 жылдың үшінші тоқсанында екінші деңгейлі банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың жұмысына талдау жүргізген.

«Тексеру барысында анықталған заң бұзушылықтардың қорытындысы бойынша екінші деңгейлі банктерге қатысты 71 санкция және шектеу шарасы қолданылды. Оның ішінде, айыппұлдар салу және өндіріп алу түрінде 28  санкция, жазбаша ұйғарым түріндегі 43 шектеу шарасы қабылданды», - делінген хабарламада.

Ұлттық банк ең көп бұзушылыққа жол берген 6 банкті атады.

«Лицензиялары кері қайтарылған банктерден («Qazaq Banki» АҚ,  «Астана банкі» АҚ) бөлек, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың өтініштері мен шағымдарын қарау нәтижелері бойынша мынадай банктер ең көп бұзушылыққа жол берген. Олар: «Казкоммерцбанк» АҚ, «ForteBank» АҚ, «Хоум Кредит Банкі» АҚ ЕБ, сондай-ақ  «Альфа-Банк» АҚ ЕБ,  «АТФ Банк» АҚ, «Сбербанк России» АҚ ЕБ», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Атап өтілгендей, банктер көп жағдайда ҚР банктік заңнамасында, сондай-ақ Ұлттық банктің нормативтерінде белгіленген талаптарды сақтамаған. Нақтырақ айтқанда, банктік қарыздарға қызмет көрсетуде, төлемдер мен ақша аударымдарын жасауда, банк шоттары бойынша қызмет көрсетуде құқықтар бұзылған. Бұған қоса, тексеру нәтижесі тұтынушылардың мүддесін қорғау мәселелері бойынша банктердің талаптарды ескере бермейтінін көрсетіп отыр.

«Банк қарызы бойынша қызмет көрсету тәртібінде келесі кемшіліктер анықталған. Нақтырақ айтқанда, қарыз алушыға берешек мерзімінің өтіп кеткені туралы хабарламау, несие берешегінің бары туралы анықтаманың берілгені үшін комиссияны заңсыз алу, қарыз сомасын қайтару бойынша міндеттемелерді орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) мөлшерін арттыру, кредиттік бюроға қарыз алушы жөнінде дәйексіз мәлімет беру секілді олқылықтарға жол берген», - деді ҰБ баспасөз қызметі.


Новости партнеров