Баласы Сирияда көз жұмған ана келіні мен немерелерін күтіп жүр

Баласы Сирияда көз жұмған ана келіні мен немерелерін күтіп жүр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жүзден астам ана құқық қорғау органдарынан Сирияда жүрген балаларын елге қайтаруды өтініп, көмек сұрады.

Қарағанды облысы Сәтпаев қаласының тұрғыны Сирияда жүрген келіні мен үш немересін күтіп жүргенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ботагөз Махатова Сирияға кеткен ұлынан екі жыл бұрын айырылған. Бірақ баласының артында келіні мен үш немересі қалыпты, айтуынша, олар қақтығыс аймағынан шыға алмай жатыр.

«Менің келінім әлі сонда, сол өңірден шыға алмай жатыр. Қайда қашарын да білмейді, өйткені онда барлық жерге мина қойылған», — деді әйел Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте.

Ботагөз сияқты аналар Қазақстанда аз емес. Әйелдер мессенджер арқылы сөйлесіп, Сириядағы соғысқа аттанған жақындарымен байланысқа шығып тұрады. Махатова отыратын чатта 120 ана бар. Олардың тек 10-ы ғана балаларымен қауышқан.

Әйелдің айтуынша, ұлы дінді жете түсінбегендіктен Сирияға кеткен, ал оның жары мен балалары – отағасы жасаған қателіктің құрбаны.

2012 жылы соғысқа аттанған ер адам ата-анасына Мысырға оқуға бара жатқанын айтқан. Жарты жылдан кейін оның отбасымен бірге Сирияда жүргені анықталды.

Осыдан кейін Ботагөз Махатова бірнеше мәрте құқық қорғау органдарына жүгінеді. Алайда, оның отбасына көмектесу әзірге мүмкін болмады.

Ұлының қалай көз жұмғаны да белгісіз – тек ер адамды жерлеп жатқаны түсірілген бейнеролик қана бар.

«Олардың өз отанына оралуына ешкім қарсылық білдірмейді деген үміттемін, өйткені олардың барлығы – Қазақстан азаматы. Олар өмірде адасып, бұрыс жолға түскенін түсінді», — дейді немерелерін сағынып жүрген әйел.

Кеше Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сирияда террористердің қолында кепілде болған 47 қазақстандықтың елге қайтарылғаны туралы мәлімдеме жасады.

«Жусан» операциясы кезінде 6 ер адам, 11 әйел және 30 бала елге қайтарылды. Олардың барлығы Қазақстанға өз еркімен келген. Оның ішінде 6 ер адам мен 1 әйел террористік қызметке қатысты деген күдікке ілінді.

Алдын ала мәлімет бойынша, қазір Сирияда 800-ге тарта қазақстандық жүр.


Новости партнеров