Әлеуметтік желі қолданушыларын Канаданың Квебек провинциясындағы ормандардың бірінде түсірілген ерекше табиғи құбылыстың видеосы таңғалдырды. Ерекше кадрды Weather Network телекомпаниясы өз сайтында жариялады.
Ролик авторы телеарнаға өзі хабарласып, аталған құбылыстың себебін анықтап беруді өтініпті. Видеода орманды алқаптағы жер бір ырғақпен көтеріліп, түсіп жатқаны көрінеді, бір қарағанда, «тыныс алып» жатқандай әсер қалдырады.
Тылсым оқиғаға провинцияда жиі соғатын күшті жел себеп болғаны анықталды. Дүлей желдің екпіні құрғақ ағаштарды жерден тартқан болып шықты, алайда оны жан-жаққа таралып кеткен жерүсті тамыр жүйесі ұстап қалған.