Алматыда тас жолда тәртіп бұзған жүргізушілерге айыппұлдар тек планшетпен жазылады. Полицейлер келер жылы қағазбастылықтан түгелдей арылып, хаттама толтыруды доғарады. Жол-патрульдік полиция қызметкерлері бүгінде 100 пайыз планшетпен қамтамасыз етілген. Ендігі кезек – учаскелік инспекторларда. Келер жылы аумақтық сақшыларға да смарт құрылғылар беріледі. Бұл туралы бүгін Алматы әкімі Бауыржан Байбекке қаланың бас полицейі мәлімдеді. Ал шаһар басшысы мейрам қарсаңында сақшыларға су жаңа көліктердің кілтін табыс етті.
Алып шаһардың тыныштығын сақтап, күн-түн демей қауіпсіздікті қорып жүрген полиция қызметкерлері мереке қарсаңында су жаңа көлік мінді. Биыл сақшыларға Қазақстанда құрастырылған 70 темір тұлпар берілді. Олардың дені учаскелік полицейлердің шұғыл шақыртуға шығуы үшін қызмет етеді.
Автокөліктер тұтастай заманауи қондырғылармен жабдықталған. Салон ішінде айыппұл толтыруға арналған планшет, дыбыс күшейткіш қондырғы, JPS жүйесі, сондай-ақ 3 бейнекамера орнатылған. Оның екеуі тас жолдағы қозғалысты бақыласа, үшінші камера көлік ішіндегі полицейдің өзінің тәртібін жазып отырады. Ал ақпаратты бірден орталыққа жібереді.
Су жаңа темір тұлпарлар тәртіп сақшыларының көмекке шұғыл жетіп, қылмыстың ізін суытпай ашуға ашуына ықпал етпек. Жаңа көлікпен бірге, қызмет сапасы да жақсаруы тиіс. Мұны қала әкімі Бауыржан Байбек полицейлерге қадап айтты. Бұдан былай қызмет кезінде бейнетіркегішін өшіріп, жұмысына жүрдім-бардым қарайтын тәртіп сақшыларына бақылау күшейтіледі. Әрі олардың «бармақ басты, көз қысты» әрекетке баруына жол жоқ. Енді қалада тәртіп бұзған жүргізушілерге айыппұлдар тек планшетпен жазылады. Жол сақшылары келер жылы қағазбастылықтан түгелдей арылып, хаттама толтыруды доғарады.
«Полицейлер айыппұлды тек планшетпен толтыруы тиіс және соған қоса олардың қолында төлем қабылдайтын құрылғысы да болуы керек. Жүргізушілер айыппұл төлеуге уақыт кетіріп, қалада ары-бері жүрмеу үшін сақшылардың қолына ақша ұстата салғанды жөн көреді. Егер полицейлерде төлем қабылдайтын аппарат болса, пара беру де тоқтар еді. Жүргізуші бірден сол жерде 50 пайыздық жеңілдікпен айыппұлын төлеп кете береді», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Бүгінде жол-патрульдік полиция қызметкерлері 100 пайыз планшетпен қамтамасыз етілген. Ендігі кезек учаскелік инспекторларда. Келер жылы аумақтық сақшыларға да смарт құрылғылар беріледі. Жалпы, алматылық полицейлердің материалдық-техникалық базасын жабдықтау үшін 30 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Өткен жылы оларға 280 қызметтік автокөлік табыс етілген болатын.
«Көрсетіліп жатқан материалдық-техникалық көмек жалпы полицияның қызметіне, қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті тұрақты етіп ұстауға бар септігін тигізеді. Бүгінгі таңдағы автопарктің 30 пайызы – 10 жылға дейін жүрген автокөліктер. Енді олар міндетті түрде қазір істен шығарылады. Нәтижесінде, олардың орнына «Хьюндай» маркалы жаңа автокөліктер келуде», – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Айта кетсек, полицейлердің ескірген көліктері қызметке жарамсыз деп танылса арнайы аукционда сатылады. Ал одан түскен қаржы қала қазынасына кері қайтарылады.
Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Қүндақбаев, «Алматы» телеарнасы