Алып шырша. Көтеріңкі көңіл-күй. Таңғажайып мереке. Алматыда балалар үйінің 200-ден астам тәрбиеленушісі Президент шыршасына қатысты.
Қабылдау үйінде өткен жаңажылдық кеште ертегі кейіпкерлері театрландырылған қойылым көрсетіп, отандық сахна жұлдыздары өнерлерін ортаға салды. Мерейлі мерекеде балалардың қуанышын бөлісуге қала әкімі Бауыржан Байбек арнайы барды.
Президент шыршасына жиналған балалардың әрқайсы ерекше қамқорлықты қажет ететін, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың, Балалар үйлерінің балғындары. Жасыл шырша жанына жиналған түрлі кейіпкерлер мен өнерпаздардың барлығы сол балалардың көңілін көтеруге тырысты. Ал Мемлекет басшысының видеоүндеуі кішкентай алматылықтар үшін тосынсый болды.
«Бүгінгі Жаңа жыл шыршасына еліміздегі үздік оқитын өрендер жиналып отыр. Мен сендерді және еліміздің барша балаларын мерейлі мерекемен құттықтаймын! Бұл өздеріңді жаңа арманға жетелейтін, жаңа үміт сыйлайтын ерекше мейрам. Балалардың алаңсыз әрі бақытты өмір сүруі үшін біз барлық жағдайды жасап келеміз. Сондықтан бәрің де саналы тәрбие мен сапалы білім алуға ұмтылуларың керек. Айналайын балалар, бал дәурен – балалықтың бақыты мен шаттығына бөленіп өсіп, өркендей беріңдер! Жаңа жылдарың құтты болсын!», – деді балаларға арналған құттықтау сөзінде Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Мерекеде мемлекет басшысының атынан балаларға сыйлықтар салынған арнайы сөмкелер сыйға тартылды. Оның ішінде қыстық киімдер, кеңсе тауарларының жиынтығы, планшет және ойыншықтар мен тәттілер бар. Президент шыршасына қатысқан балғындардың қуаныштан жүздері бал-бұл жанды.
«Жаңа жыл күшті болды. Керемет! Әртістер ойнады, фокустар көрсетті», «Достарымды Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Ауырмаңдар, ата-аналарыңды тыңдап, сабақтарыңды 5-ке оқыңдар», «Бізді Нұрсұлтан Әбішұлының өзі құттықтады. Мен осы мерекені қатты жақсы көремін. Осында келгеніме қуаныштымын», деп балалар қуанышты көңіл күйлерімен бөлісті.
Жаңажылдық кеште ертегі кейіпкерлері – Аяз Ата мен Ақша қардан бөлек, «Ісмер» ансамблі, цирк артистері мен отандық өнер жұлдыздары өнер көрсетті. Балалар Мұрат Мұтұрғановтың арнайы шоуын да таңданыспен тамашалады. Мереке соңында балғындар тәтті дастарханнан дәм татып, естелік суретке түсті.
Тоғжан Жалғасбекқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы