|
23.10.2018 | 18:00
1933

Үкімет басшысы әкімдерге көбірек инвестиция тартуды тапсырды

Үкімет басшысы әкімдерге көбірек инвестиция тартуды тапсырды

Бақытжан Сағынтаев облыс әкімдеріне шетелдік инвестиция тартуда белсендірек болуды тапсырды. Оларға барлық жағдай жасау керек деген Үкімет басшысы аймақтардағы инвестициялық форум мен жиындардағы келісімдерге күмән келтірді.

Шетелдік жеке инвесторларды тартуда аймақтар осалдық танытып отыр. Министр Жеңіс Қасымбек осы мәселені Үкімет отырысында айтты. Шетелдіктердің уақтылы жұмысқа кірісуіне облыстардың барлығы да дер кезінде жер телімін бөлмей, инженерлік инфрақұрылымды ұзақ өткізеді-мыс. Бұған наразы болған Бақытжан Сағынтаев әкімдерден жағдайды нақтылады. Өңірлердегі күн сайын өтетін өзге елдің өкілдерімен жиын-форумдардың не керегі бар екенін сұрады. Қаржыны ең көп жеке тартқан үш облыс – Жамбыл, Маңғыстау, Ақмола, ал ең төмен көрсеткіш – Қызылорда, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан мен Шымкент қаласына тиесілі. Жақында ғана республикалық маңызы бар қала статусына ие болған шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов жеке инвестордан емес, тек мемлекеттік ведомстводан қаржы тартқаны үшін сөгіс естісе, Үкімет басшысы өзгелерге де ескерту жасады.

«Жеке инвестиция тарту жоқ. Жұмыстың бәрі бюджеттен ақшаны алу, республикадан ақшаны алу, квазимемлекеттік компаниялардың инвестициясын әкелу, ал жеке кәсіпкердің тарту оларға жағдай жасау жұмысы жоқ. Сол себептен, құрметті әкімдер, осыған баса назар аударларыңызды сұраймын», – деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Сонымен қатар, Жеңіс Қасымбек жалпы сомасы 5,1 миллиард теңге тұратын халықты газбен қамтуға арналған 6 жобаны толығымен жүзеге асыра алмай отырғанын айтты. Одан бөлек, көгілдір отын бағасын реттеу мүмкін болмай отыр екен. Министр мәселені заңға өзгеріс енгізу арқылы шешуге болады деді.  

«Газды шикізат ретінде пайдаланатын жобаларда газ мәселесін шешу үшін газ және газбен жабдықтау заңнаманы және заңға тәуелді актілерді өзгерту қажет. Қазіргі уақытта Энергетика министрлігімен тиісті заң жобасының тұжырымдамасы әзірленді», – деді ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕК.

Алдағы уақытта ведомство 10 миллиард теңгеге техникалық газ, картопты қайта өңдейтін, жоғары сапалы әк пен болат құбырларын шығаратын жалпы саны 34 жобаны қолға алуға дайын. Олардың арасында Германия, Голландия, Бельгия, Түркия және Қытай елдері бар. Бұл ретте премьер-министр елшіліктерге де Қазақстанды көркейтуге дайын сыртқы тараппен келісім жүргізуді тапсырды. Жеңіс Қасымбек үш мың адамға жұмыс орнын беретін Алматы айналма автокөлік жолына да тоқталды.

«Бүгінгі күні толықтай құрылысқа жер бөлу мәселесі шешілді. Учаскелерге техника мен жұмысшыларды жұмылдыру толықтай аяқталды, карьерлер рәсімделді және ағымдағы жылдың 31 мамырда құрылыс жұмыстары басталды. 2021 жылы құрылыс жұмыстарын аяқтап, жолды ақылы негізде пайдалануға беру көзделеді», – деді Жеңіс ҚАСЫМБЕК.

Аталмыш торап тәулігіне 38 мың автокөлік құралының қала сыртына шығуына мүмкіндік береді. Одан өзге, қала экологиясыда жақсара түспек. Инвестициялар және даму министрлігі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмін де қаперден шығармаған. Түрлі салаларда 18 жоба дайын. Оның үшеуі автомобиль жолдары, қалғандары теміржол сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және энергия үнемдеу болса, азаматтық авиациямен 12-сі байланысты.  


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир