Дәурен Абаев: Газеттер өзектілігін жоғалтпайды

Дәурен Абаев: Газеттер өзектілігін жоғалтпайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев баспасөз басылымдарына мәжбүрлі түрде жазылу мәселесіне қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды Бақ.кз.

«Мен мәжбүрлеп жаздыруды қолдамаймын. Біз отандық бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту үшін жағдай жасауымыз керек. Бұл дегеніміз не? Адамдар келіп, газетті сатып ала алуы тиіс. Екіншіден, біз жақсы әрі қызықты контент үшін қолайлы жағдай тудыруымыз қажет. Мен ерікті түрде жазылуды ғана қолдаймын», – деді Абаев Мәжіліс кулуарында берген сұхбатында.

Министрдің айтуынша, газеттер өзінің өзектілігін жоғалтпайды.

«Менің ойымша, газеттер өзектілігін жоғалтпайды. Зерттеулерге сүйенсек, газет терең оқу үрдісін ұсынады. Егер адамдар онлайн мақаланы жылдам, 40 секундта оқып шықса, газеттегі мақаланы 10 есе ұзақ оқиды. Бұл жарнама берушілер баспасөз басылымдарын көбірек таңдайды дегенді білдіреді. Әрине, газеттерге өз орнын табу керек. Олар тек жаңалық таратушы бола алмайды. Дегенмен, бүгінде республикалық газеттер мазмұндық жағынан айтарлықтай ілгерілей түскенін де айта кеткен жөн», – деді Дәурен Абаев.

Бұған дейін министр «озық білімді ІТ-мамандарымызды уысымыздан шығарып алмауымыз керек» деген болатын. Сондай-ақ, елімізде автомобиль және металлургия саласын роботтандыру мүмкіндігі жоғары екенін айтқан еді. Және де Абаев болашақ мамандықтар мен «ақылды қалаларды» атаған болатын. Министр ұялы телефонды тіркеу жайлы да сөз қозғаған еді.


Новости партнеров