Ернар Садырбаев: Биыл мәдениет саласында тың жаңалықтар болады

24.01.2019 19:46

«Әміре» лақап атымен танымал әнші Ернар Садырбаев биыл мәдениет саласында тың жаңалықтар болатынына сенімді. Сондай-ақ, ол Димаш екеуінің шығармашылық байланысы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елбасы Жастар жылының салтанатты ашылуында жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың басымдылығына айналатынын атап көрсетті.

Ернар Садырбаевтың айтуынша, Елбасының жүктеген тапсырмаларын орындауға жастар белсене үлес қосуы тиіс.

«Жасыратыны жоқ, Жастар жылы кейбір айтулы даталар сияқты ұрандатып, желеулетіп өткізетін жыл емес. Президент осыған баса назар аударуды тапсырды. Қоғамның маңызды бөлігін құрайтын жастарға кең мүмкіндік берілуі тиіс екенін айтты. Әсіресе, жастар туризмі туралы жоба ұнады. Бұл шара жоспарлы түрде іске асса, төл мәдениетімізді дамытуға тағы бір серпін болары сөзсіз. Менің ойымша, биыл мәдениет саласы тың жаңалықтарымен ерекшеленеді, бірнеше дарынды жаңа есімді танитын боламыз. Себебі, мемлекет жастарға жан-жақты қолдау көрсетеді. Әр жас маман, берілген мүмкіндікті пайдаланып, өз саласындағы жетістіктерді саралап, өзін-өзі қамшылап, заман талабына сай жаңаны үйренуге тырысып жүруі керек. Бұл ел намысын шетелдерде қорғап жүрген жастарға екі есе жауапкершілік жүктейді», - дейді Ернар Садырбаев.

Еске салсақ, қостанайлық әнші «Славян базары» халықаралық байқауында бірінші орын иеленгені үшін «Дарын» мемлекеттік сыйлығын алды. Бұл Ернар Садырбаевтың халықаралық дәрежедегі екінші ірі жеңісі. Бұған дейін Прага қаласында өткен екі бірдей ән байқауынан Гран-При жүлдесін ұтып алған еді.

Әншінің сөзінше, әр байқаудың алдында әріптесі Димаш Құдайберген хабарласып, ақыл-кеңестерін айтып отырады.

«Димаш мені үнемі қолдап жүреді. Бір жағынан, бұған өзім таңғаламын. Жақында «Славян базарының» алдында өзінің ақыл-кеңесін, ұсыныстарын айтты. Менің жеңіске жетуіме соның көмегі көп болды. Димаш - феномен. Жас та болса, ұлы тұлғалардың қатарына енді. Бұлай деп айтсам, ешкім артық дей қоймас. Димаш Қытайда жүрсе де, қазақылықты бірінші орынға қояды. Әр кездескен сайын қазіргі жастардың жағдай, бойжеткендеріміздің бағыты, мәдениеттегі жаңалықтарды талқылап отырамыз. Димаш екеуміздің көзқарасымыз бір жерден шығады. Соған қуанамын», – деді жас әнші.

Айта кетейік, кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының ашылуына арналған ресми шараға қатысты. Салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы Жастар жылының маңыздылығы туралы сөз сөйледі.




Теги: Мәдениет