Қазақстан Қырғызстанға жауап нотасын табыс етті

20.09.2018 19:47

Қазақстан елшісі Кәрім Көкірекбаев Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Абдылдаевқа Алматы әуежайында жолаушыларды тексеруге қатысты жағдай бойынша жауап нота табыс етті.

Бұл туралы  Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров РИА Новости-ге хабарлады деп жазады Sputniknews.kz.

Бұған дейін Қырғызстандағы Қазақстан елшісіне наразылық нотасы тапсырылған еді. Қырғыз тарабы Алматы әуежайында «ҚР құзырлы органдарының лауазымды тұлғалары тарапынан шектен тыс, кемсітетін қорлық әрекеттер жасалмауына» назар аударуды сұрады. Өз кезегінде, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бақылау-өткізу пункттеріндегі тексерістердің әлемдік стандарттарға сай екенін және белгілі бір елдің азаматтарына қатысты қасақана мақсаттағы тексерістер жүргізілмейтінін хабарлады.

«Қазақстанның елшісі Кәрім Көкірекбаев Қырғыз республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Абдылдаевпен кездесті. Оған Алматы қаласы халықаралық әуежайындағы Қырғызстан азаматтарына қатысты жағдай бойынша жауап нотасын табыс етті. Нотада дүйсенбі күні хабарланған қазақстандық тараптың позициясы баяндалған», — деп хабарлады Смадияров.

Сондай-ақ, оның сөзінше, кездесу барысында Қазақстан мен Қырғызстанның екіжақты ынтымақтастығының басқа да мәселелері талқыланды.