Астанада әкімдік қызметкерлері қызметтік көліктен бас тартып, таксиге отыруда

12.10.2018 20:48

Астана әкімдігі қызметкерлерінің қызметтік көліктен таксиге отырғанына екі айдай болды. Шенеуніктер үй алдына келіп алып кететін жұмыс автокөлігінің орнына арнайы шақыртумен келетіндерге бой үйретіп, жаңа жүргізушілермен тіл табысуға дағдыланды. Халық қамымен жүретін әкімшілік қызметкерлері жұмыстағы жаңашылдық оңды шешім дейді. Қаржыны үнемдеуге арналған бастама өз нәтижесін бере бастаған сыңайлы.

Астананың төртінші ауданы – «Байқоңырдың» әкімі Ерлан Қаналимов қызметтік көліктен таксиге ауысып қатынау шешімінің сәтті болғанына сенімді. Жұмыс орны бекіткен автокөлігімен жүргенде, 30 минут кептілісте қалып, бүгінгідей арнайы тасымалдаушы жолағының шарапатын сезбеген.

«Бір жақсысы, біздің орынбасарлар мінетін көлікті аппарат қызметкерлері де пайдалана алады. Қызмет бабымен баратын шаруаларына шапқылап, жұмыстарын тындырып жатады. Сондықтан бір жағынан қолайлы деп ойлаймын, екіншіден, қай жерге бармасақ та, таксимен келіп жатсақ, халыққа жақындығымыз», – деді Астана қаласы «Байқоңыр» ауданының әкімі Ерлан ҚАНАЛИМОВ.

Ерлан Қаналимов бұрынғы құзырында болған темір тұлпар кемшілігін жайып салды. Кейде жүргізушілер техниканың тілін түсінбегендіктен, қатынау құралы бірнеше күндеп жөндеу орындарында тұралап қалатын. Әкім қазіргі үй-жұмыс-әкімшілік шаруаларымен тасымалдайтын автокөліктердің пайдасы мен ыңғайлығығы туралы ойымен бөлісті.

«Қызметтік көліктің бір жері сынып қалса жөндеуден өткізу керек немесе оны шопыр жуып келуге келеді, сондайда амал жоқ, күтуге тура келеді. Өзіңіз білесіз, Астананың ауа-райы кейде жауынды болады, ондайда көліктің сырты кірлеп қалады. Ал таксиге отырсаң, ондай мәселелерге бас ауыртып жатпайсың, бар мәселе өз ретімен шешіледі», – деді Ерлан ҚАНАЛИМОВ.

Біз тек бір аудан әкімімен шектелмей, өзге де қызметтегілердің пікірін сұрауды да жөн көрдік. Таксиге мінген қызметкерлер түрлі пікір білдірді.  

« – Такси сізге ыңғайлы ма? Қанша минутта жетесіз? – Иә, 10 минутта жетеміз. –  Бұрын қызметтік көлікпен жұмысыңызға қанша уақытта жететің едіңіз? – 20 минутта жететінмін, өйткені жолда кептеліс болатын. Қазір такси бас лайнмен жүреді, сондықтан тезірек келеміз. – Таксимен қалай жеттіңіз? Уақытылы әкеле ме? – Такси жақсы екен. Онымен жүріп жүргенімізге екі айдай уақыт болды. Діттеген жерімізге тез жетеміз...»

Жасыратыны жоқ, таңертеңгілік әкімдік аппаратының алдына барып, кімнің қандай көлікпен келетінін бақыладық. Бірақ таң атысымен жұмысына жаяу қатынайтын әкім Бақыт Сұлтановтың немесе оның орынбасарларының қандай көлікпен келгенін байқамадық. Бір жарым сағатқа созылған аңдуымыздан кейін Сергей Хорошун көрінді. Экс-әкім Әсет Исекешев енгізген мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясындағы «Такси» пилоттық жобасына ведомстовада бәрі ауыса қоймаған екен. Оны жоғарыдағы аталған аудан әкімі де растайды. Себеп әртүрлі. Бірақ уақыт өте бәрі де өзгереді. Оншақты тасымалдауышының басын қосқан жаңашылдық өз нәтижесін көрсете бастаған. Бұған дейін жеке қызметтегі көлікке ведомство айына 40 миллион теңге бөлсе, бұл жолы тек 13,5 миллионмен шаруаны шешкен. Бұл 60 пайыз үнем деген сөз.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана