Министрлер миллиардтаған қаржыны екі аптада игеруге уәде берді

11.12.2018 19:48

Үкіметтің бүгінгі отырысында республикалық бюджеттің қаржысын игеру мәселесі қаралды, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Қаржы министрі Әлиxан Смайыловтың айтуынша, биыл он бір айдың ішінде 107 миллиард теңге игерілмей отыр. Аталған қаржының басым бөлігі ҚР Қорғаныс министрілігі, ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрілігі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Астана, Түркістан, Қызылорда мен Шымкент қалалары, сондай-ақ, Маңғыстау мен Павлодар облыстарына тиесілі.

«Қаражатты игермеудің негізгі себептері – жұмыстар, қызметтер мен тауарларды уақытында жеткізбеу, сондай-ақ, шарттарды ұзақ келісу. Қаржы жылының соңына дейін 12 жұмыс күні қалды. Осы уақыттың ішінде орталық және жергілікті органдар 800 млрд теңгеге жуық қаражатты игеруі қажет. Сондықтан қалған уақытта осы мәселеге аса үлкен назар аударып, белсенді жұмыс атқару керек», – деді Ә.Смайылов.

ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев әрбір министрден игерілмей қалған қаржыға қатысты есеп беруді сұрады. ҚР Қорғаныс министрлігі жылдың аяғына дейін 40 млрд теңгені толығымен игеруге мүдделі. Ал ҚР Ішкі істер министрі Қалмұxамбет Қасымов игерілмей жатқан қаржының себебін түсіндірді.

«Бізде 13 миллиард теңге, оның ішінде Ұлттық гвардияның 7 миллиарды бар. Хаттама бар. «Қазинжиниринг» пен «Қазспецэкпорт» 20 желтоқсанға дейін заттарды алып келеді. Сосын Төтенше жағдайлардың 2,5 миллиарды, оның ішінде 1,9 миллиарды бойынша қазір қаулыны дайындап жатырмыз. Оны қайтарамыз. Полиция бойынша тағы 1,2 миллиард бар. Қазір барлық сатып алған заттарымыз қоймаларда жатыр. Қалғаны 1,2 миллиарды, «ағымдағы шығындар». Оның бәрін орындаймыз», – деді Қ.Қасымов.

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің сөзіне қарағанда, басында 11 млрд теңге игерілмей жатқан. 10 желтоқсанға дейін 7 млрд теңге жоғары оқу орындарына жіберілді. Ол ақшаға жаңа ақпараттық автоматтандыру жүйесі енгізіледі.

«Соны дұрыстап толтырмай, содан уақыт бойынша аздап кешігіп отырмыз. Толығымен орындалады», – деп атап көрсетті Е.Сағадиев.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі де 8 миллиард теңгесін толығымен игереміз деп отыр.

«Соның 2 миллиард 190 миллион теңгесі су шаруашылығына, екінші деңгейлі банктерде жатыр. Кепілдіктер керек болып тұр. Мердігерлер әлі ала алмай жатыр. 1 миллиард 600 миллионы актілерді күтіп отыр. Содан кейін ғылым саласында 1 миллиард 200 миллионы ВНТК-ның кешіккеніне байланысты. Жылдың аяғына дейін толық жабамыз деп отырмыз», – дейді министр Өмірзақ Шөкеев.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы да 8 миллиард теңгенің игерілмей жатуына себеп болған жағдайларды түсіндірді. Оның айтуынша, жылдың аяғына дейін барлық қаржы игеріледі.

«Біздерде негізгі жоспарлар – Тәуелсіздік күні, Жаңа жылдың алдында мерекелік шаралар көп қой. Соларға байланысты. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының жылдың аяғында алатын заттары... Ұлттық музей де бар. Бәрі игеріледі, Бақытжан Әбдірұлы», – деп атап көрсетті А.Мұxамедиұлы.