Үндістанның Сурат қаласында миллионер әкесі жоқ қыздарға жасау алып берді. Бұл туралы Daily Mail басылымына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Алмаз магнаты Махеш Савани ұйымдастырған жаппай үйлену тойына 261 әйел қатысты. Қалыңдықтардың бәрінің әкесі қайтыс болған екен. Ал 54-і толықтай жетім. Тағы 118 қалыңдықтың бауырлары жоқ. Олардың бәрі жасау алуға ақшасы болмағандықтан, тұрмысқа шыға алмай жүрген.
Гуджарат билігінің басшысы қалыңдықтарға бата берді. Индуистік неке рәсімінде қалыңдықтардың әкесінің орнында миллионердің өзі отырды. Сонымен қатар, шенеуніктер мен полицейлер де болды. Миллионер ерлі-зайыптының әрқайсына тұрмысқа керек заттар мен 200 мың рупий (1 млн теңгеден аса) көлемінде кепіл берді.
Савани 2010 жылдан бері жетім қалған қыздардың тойының ақшасын төлеп беріп келеді. Ол содан бері 3172 әйелге тұрмыс құруға көмектескен. Магнаттың сөзінше, ол өз мойнындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезінгендіктен осындай қайырымдылық жасайды.