Әр облыста фермерлерді оқытатын орталықтар ашылады

09.11.2018 21:30

Қазақстанда фермерлерді оқытатын орталықтар ашылады. Қазір агроөнеркәсіп кешені жүйесінде бұл жұмыспен 23 ғылыми зерттеу институты мен 3 университет айналысуда.

Алматыдағы агроөнеркәсіп мәселелерін талқылауға келген ҚР Вице-премьері, Ауылшаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев сала мамандарын дайындауда сұрақтар көп екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, жоғары оқу орындарының басшылықтары мамандарды дайындауға асқан жауапкершілікпен қарау керек.  

«Республика бойынша өңірлік орталықтар мен полигондар ашамыз. Сонымен қатар, жеке компаниялардан базалық шаруашылықты алып, сол базаның аясында жаңа білім беруді дамыту қажет. Әр облыста фермерлерді жаңа технологияларға үйрететін орталықтар жұмыс істейтін болады. Келер жылы шаруа қожалық иелерінің 25 пайызын қамтимыз деп жоспарлап отырмыз», – деді ҚР Вице-премьері, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ ШӨКЕЕВ.