Әкесі аяусыз ұрып-соққан: 6 жасар қыз анасының өмірін құтқарып қалды

22.10.2018 19:51

Ұлыбританияның Донкастер қаласының тұрғыны Джоди Киганс күйеуінің өзін 3 жыл бойы ұрып-соғып келгенін айтты. Оның сөзінше, 6 жасар қызы күйеуінің зорлық-зомбылығынан құтқарып қалыпты. Бұл туралы The Sun басылымына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

2017 жылдың қазан айында қыз мұғаліміне әкесінің анасын аяусыз ұратынын айтқан. Өз кезегінде, мұғалім бұл туралы бақылау органдарына айтып шағымданыпты. Соның нәтижесінде, ер адам тұтқындалып, 2018 жылдың қыркүйек айында 18 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ер адам тұтқындалғаннан кейін, әйелі ауруханаға жіберілген. Оның иығы мен қабырғасы сынып, омыртқасы зақымдалған екен. Тіпті, басының кей жерлерінде уыстап жұлынған шаштың орны қалған. Сонымен қатар, күйеуі денесін тістеп тастаған.

Әйел ауруханада 5 күн жатты. Оның ауруханада өткізген күндері Рождество мейрамына сәйкес келген.

«Бұл менің өмірімдегі ең тамаша Рождество болды», – дейді Киганс.

Әйелдің сөзінше, күйеуі үнемі мұншалықты қатігез болмаған. Олар 2005 жылы түнгі клубта танысқан екен. Ал үш жылдан кейін отау құрыпты.

«Бәрі жақсы басталып келе жатты. Бастапқы кезде ол жақсы отағасы болды. Алайда, 3 жыл бұрын мінезі өзгере бастады», – дейді Киганс.

Киганстың айтуынша, күйеуі оның жұмыс істеуіне қарсы болыпты. Сонымен қатар, ұялы телефон ұстауға, достарымен немесе туыстарымен кездесуге рұқсат бермеген. Салдарынан, әйел 2015 жылы қайтыс болған әпкесінің жерлеу рәсіміне бара алмапты.

Ендігі Киганс 6 жасар қызын қаһарманға теңейді.

«Ол шынымен де, менің өмірімді құтқарды», – дейді анасы.