Орал мен Шымкентте жылу жүйесі мен көмір бағасы қымбаттады, деп хабарлайды ranking.kz.
Қазақстан бойынша көмір мен отын 18 және 9 пайызға, ал газ бен жылу жүйесінің бағасы бір жылда 4 пайызға көтерілген.
Орталық жылу жүйесінің бағасы 2018 жылдың қыркүйек айының қорытындысы бойынша 1 гигакалориясы 4 000 теңгеге жетті. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 4,1 пайызға көп. Табиғи газдың да бағасы бір жыл ішінде 4,2 пайызға қымбаттап, текше метрі 18,9 теңгеге жеткен.
Сарапшылар зерттеуі бойынша, қыркүйекте 1 тонна көмір 12,9 мың теңге тұрған. Яғни бір жылда 17,5 пайызға қымбаттап кеткен. Ал отынның текше метрі 6 мың теңгеге жоғарылап, 9,3 пайызды құрады.
Қазақстан бойынша көмір бағасы Шымкент пен Орал қаласында күрт өскен. Мәселен, Шымкентте 1 тонна көмір 16 мың теңге болса, Оралда 17,5 мың теңгеге сатылуда. Ал, Астанада – 12,7 мың, Қызылордада – 9,2 мың теңгеге бағалануда.
Сондай-ақ жылу жүйесі Шымкентте 6,8 мыңға, Алматыда 6,6 мың теңгеге қымбаттаған.